Тұңғыш Президент күніне орай Шардараның үздік қызметкерлері марапатталды

Шардара тұрғындары қаладағы Б.Соқпақбаев атындағы жалпы орта мектебінде «Елін сүйген Елбасы» мерекелік шарасын өткізді. Мерекеге келген аудан басшылары мен қонақтарға алдымен көрме көрсетілді. Көрмеде мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлының өмірбаяны мен Қазақстанның даму кезеңдері, Рухани жаңғыру аясында аудан көлемінде атқарылып жатқан шаруалар кеңінен насихатталды.  Сөз алған аудан әкімінің орынбасары Бауыржан Шомпиев аудан тұрғындарын айтулы мерекемен құттықтады.
Мұнан кейін түрлі салада ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына, көркейіп-гүлденуіне айрықша үлес қосып жүрген қызметкерлерді марапаттау рәсімі басталды. Былтыр іске қосылған балық өңдеу зауытының басшысы, жеке кәсіпкер Талғат Жалғасбаев, аудандық ішкі істер бөлімінің полиция майоры Тілләбек Мұса, аудандық ішкі істер бөлімінің аға лейтенанты Оразхан Аманов, №1 аудандық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің директоры Абай Сәкиев, аудандық «Өскен өңір» газетінің корректоры Гүлнар Ағманова, аудандық «Абай» Мәдениет сарайының көркемдік жетекшісі Ағабек Дөңбаев, «Балауса» балабақшасының меңгерушісі Эльмира Ерубаева, аудандық құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімінің әдіскері Пердебек Ибадуллаев тағы басқа азаматтар аудан әкімі Болатбек Қыстауовтың «Алғыс хаттарымен» марапатталды.
Аудандық мәслихат депутаттары атынан шардаралықтарды Тұңғыш Президент күнімен құттықтаған Бұлтбай Лесбекұлы да түрлі салада жемісті еңбек етіп жүрген азаматтарға аудандық мәслихаттың «Алғыс хатын» салтанатты түрде табыстады.
Мереке барысында аудандық «Абай» Мәдениет сарайының және аудандық балалар және саз мектебінің өнерпаздары әсем әннен шашу шашып, Елбасы сүйген әндерді нәшіне келтіре орындады.

Бірінші болып пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру

Сіздің эл.почтаңыз сайтқа ашық жарияланатын болмайды.


*