Қандай да бір аймаққа ат басын бұрып, сол елді мекеннің аумағынан аттаған адамның көзі ең алдымен өңірдің атауына түседі. Ол атау тасқа қашалып жазыла ма, мейлі арканың үстінде тұра ма, адамның санасында жатталып қалады. Ары қарайғы кіре беріс жолдардың тазалығы мен сапасы, көрнекіліктер, талапқа сай көгалдандырылуы мен көріктендірілуі сол мекеннің экономикалық-әлеуметтік әлеуетінен, басшыларының іскерлігінен хабар береді. Осы жолмен келе жатып аймақтың тыныс-тіршілігін көргендей болады, өзінше ой түзейді. «Ауылына қарап, азаматын таны» деген сөзді халқымыз осындайда айтса керек.
Кешегі аптада Шардараға кіре беріс аумақтың заманауи үлгіде толықтай жаңартылып шығуы ауданымызда абаттандыру жұмыстарының қарқынды басталғанын білдіреді. Аудан әкімі Арман Қарсыбаевтың тікелей қолға алуымен жүзеге асқан бұл шаруа мемлекеттің миллиондаған қаржысына емес, демеушілік арқылы жасалғанын атап өткіміз келеді. Әдеттегідей спортшы азаматтар осынау игі тірліктің де басы-қасынан табылып, уақытпен санаспай еңбек етті.
Сонымен, абаттандыру жұмыстарының барысымен таныстырып өтсек. Келес ауданынан Шардара аумағына өткеннен кейін алдыңыздан жаңадан бой көтерген арка шығады. Екі шеті ұлттық нақыштағы оюлармен өрнектелген арканың үстіне шалқар теңіздің символы іспетті ақ шағаланың белгісі орнатылған. Оның үстіне латын қарпімен SHARDARA AUDANY деген айшықты жазу ілінді.
Ауданға өткеннен кейінгі сол қанаттағы беткейде орналасқан бұрынғы ескі-құсқы көрнекіліктер Шардараның ұсқынын шынымен де кетіріп тұрған еді. Алқам-салқам, азып-тозып кеткен осынау дүниелерге назар аударуға ешкімнің құлқы болмаған соң «баяғы жартас – сол жартас» күйінде қалып келгені жасырын емес. Енді осы маңай түгелдей жаңартылып шыға келді. Беткейдің үстіне ШАҒАЛАЛЫ ШАРДАРА деген жазу қойылды. Оның жанынан түрлі ескерткіштер бой көтерді. Мұнда Қызылқұм тыңын игеруге қатысқан құрылысшы, диқан ескерткіштерінен бастап Шардара ауданының бүгінгі даңқын асқақтатып жүрген қол күрес спортшылары, балықшы ескерткіштері тұрғызылған. Аудан тарихының датасы мен жер көлемі, қала және барлық ауылдық округтердің атаулары жазылған және ауданның картасы бейнеленген ескерткіштер де осы маңайға сән беріп тұр. Санитарлық нысандар іске қосылып, пайдалануға берілді. Яғни, бұрын аты болғанымен заты мүлдем талапқа сай келмейтін трасса бойындағы әжетхана ғимараты қайта жөнделіп, оны күтіп ұстап отыру үшін арнайы қызметкер бекітілді. Одан бөлек жолдан ары-бері өтуші жолаушылар тоқтап, киім ауыстыру үшін арнайы бөлмелер салынды. Және бір айта кетерлігі Шардара ауданына кіре беріс маңайдың барлығы да түнгі мезгілде жарықтандырылып, қызылдыы-жасылды түспен көңіліңді шаттыққа бөлейді. «Міне, мынау біздің Шардара» дегендей ммақтаныш сезімдерін ұялатады.
Трассаның қарсы беті де жоғары деңгейде абаттандырылды. Жолдың шетіне «Аялы алақан» үлгісіндегі мүсіндер қойылып, олардың ішіне шырша көшеттері отырғызылды.
Шардара қаласынан Келес ауданына шығар жолдың бойына 21 шақырымға демеушілер есебінен баннерлер жасалынды. Бильбордқа Шардараның әлеуметтік-экономикалық өсіп-өркендеуіне үлес қосқан азаматтардың бейнесі ілінді. Мұның ішінде зейнеткер ардагерлерден бастап, қазіргі таңда тер төгіп жүрген жерлестеріміздің есімі бар. Олардың көшін аудандық ардагерлер Кеңесінің төрағасы, Түркістан облысының Құрметті азааматы Тоқсанбай Бердібеков, Қызылқұм массивін игеруге бастан-аяқ қатысқан ардагер құрылысшы, «Құрмет» орденінің иегері Тәңірберді Ағманұлы, ардагер ұстаз, «Құрмет» орденінің иегері Жамал Төлешова, партия саласында, одан аудан әкімдігінде ұзақ жылдаар жемісті еңбек еткен, аудандық ақсақалдар Кеңесінің төрағасы, «Құрмет» орденінің иегері Қыыстау Ілесов сынды елағалары бастап тұр. Тізімді ары қарай жалғастыратын болсақ, ҚР Ішкі істер органының ардагері, полиция полковнигі Нұрлыбек Кәттабеков, ҚР Қраулы Күштерінің ардагері Аббаз Жұмәділлаев, ақын, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі Бауыржан Қарабеков, ақын, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Қазыбек Иса, ақын, меценат Дайрабай Үсіпбаев, ақын, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі Әлібек Шегебаев, кино және театр актрисасы, «Құрмет» орденінің иегері Гүлшат Тұтова, ҚР Қорғаныс министрлігі ансамблінің мүшесі, әнші Ұлту Қабаева, қолы шипалы кардиолог дәрігер Оразбек Сахов, ауылшаруашылығы саласының үздігі, «Шапағат» медалінің иегері Юрий Ан, облыстық мәслихаттың депутаты, «Құрмет» орденінің иегері Бақытжан Серманизов, жеке кәсіпкер, аудандық мәслихаттың депутаты Ержан Қарабаев, жеке кәсіпкер, аудандық мәслихаттың депутаты Талғат Жалғасбаев, қазақ күресінен әлем чемпионы Ерсұлтан Мұзаппаровв, самбо күресінен әлем чемпионы Қайсар Шәмшидинов, армрестлингтен әлемнің 5 дүркін чемпионы, аудандық мәслихаттың депутаты Қыдырғали Оңғарбаев, армрестлингтен әлемнің 4 дүркін чемпионы Дәурен Әбсаттар, армрестлингтен әлемнің 4 дүркін чемпионы Нұрдәулет Айдархан, армрестлингтен әлемнің 3 дүркін чемпионы Талғат Ақтаев, бокстан 3 дүркін Азия чемпионы Ұлжан Сәрсенбек, әнші, халықаралық өнер байқауларының жеңімпазы Мөлдір Бақытжанқызы, әнші Қазыбек Құрайыш, әнші, «Азия» тобының мүшесі Нұрсұлтан Батырқұлов, актер, пародист Дәулет Бижанов, «Өнер қырандары» театрының әртісі Сырымбет Бибосынов, қайырымдылық істерімен қалың жұртқа танымал болған блогер Ырысбала Икрамбай, М.Әуезов атындағы жалпы білім беретіін мектептің түлегі, «Алтын түлек» математика пән олимпиадасының республикалық кезеңінің жүлдегері Балнұр Оспан есімді азаматтардың бейнелері ілінді. Баннердің қарсы бетіне бүгінгі таңда жұмыс істеп тұрған мекеме, ұйымдардың атаулары жазылды.
Бұл бастама да көптің көңілінен шыққан игі тірлік болды деп айта аламыз. Ел үшін тер төккен жанның еңбегі осылайша еленіп жатса ол да ғанибет. Әсіресе жас ұрпақ осы бильбордтағы аға-апаларына, қатар-құрбыларына мақтанышпен қарап, соларға ұқсауға талпынатыны сөзсіз.
Көктемнің көрікті мезгілдерінің бірінде осындай келелі тірліктер жүзеге асып жатқанына сүйсіндік. Аудан әкімі Арман Қарсыбаевтың сайлауалды бағдарламасының бір бағыты – өңірді абаттандыру еді. Сол көркейту жұмыстары ауданда қарқын алып келе жатқанына куә болдық. Шардаараның шырайын арттыратын мұндай бастамалар алдағы уақытта жалғасын таба бермек. Бұл жөнінде тұрақты түрде мақалалар жариялап отыратын боламыз.
Әділ ӘБДІРАМАНОВ, Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі.
Пікір қалдыру