Шымкент қаласының әкімі Ғабидолла Әбдірахымов, «Түркістан» сарайында өткен халық алдындағы жылдық есебінде көпшілшіктің көзінше көп балалы аналардың арыз, шағымын тыңдау үшін 16 ақпан күні таңғы сағат 11:00-де әкімдікке шақырған болатын.
Хош! 16 ақпанда аналардың мұң-мұқтажын әкіммен бірге тыңдау мақсатында әкімдікке келдік. Ғимараттың 2- қабатындағы мәжіліс залына 300-ден астам әйелдер жиналыпты. Әрбірінің қолында қағаз бен қалам. Мәселелерін тізіп жазып, қағазға толтырып әлек.
Кенет залға қала әкімінің бірінші орынбасары Қайрат Нұртай бастаған бір топ лауазым иелері кіріп келді.
Алғаш болып Қайрат Ырзақұлұлының өзі сөз сөйлеп, мұнда жауапты басқарма басшылары мен аудан әкімдері келгенін айтып, аналардың өздерін мазалаған мәселелер бойынша арыздарын айтуға болатынын жеткізді. Мұнан кейін, шаһардың әлеуметтік саласына жауапты қала әкімінің орынбасары Гүлжан Құрманбекова көп балалы аналардан келіп түскен арыздар бойынша үкіметке ұсыныстар жолданғанын айтып өтті.
Дегенмен, бұл сөздер, жауаптар әкімдікке жиылған көп балалы аналарды қанағаттандырмай, әйелдер әкімнің келуін талап етіп, ашуға бой алдырып мәжіліс залындағы жағдай ушыға түсті.
Тұс-тұстан айқайлаған әйелдер тіпті мінберге шығып сөйлеушілерді де тыңдамай қойды.
Осы сәтте қала басшылығы тарапы «әкім қазір келеді»- деп халықты сабырға шақырған. Ал Гүлжан Мамытқызы болса, барлық аналарға қағаз, қаламсап таратылатынын айтып, арыздарын сонда жазуды сұрады. Бірақ, қала басшылығының бұл сөздері көп балалы аналардың көңілін көншіте қоймады. «Мөрі не қолы жоқ, бұл қағаздардың ешқандай заңдық күші жоқ»,— деп кей әйелдер қолындағы қағазын жыртып тастады.
Ғабидолла Әбдірахымовпен жолығып, арызын айтуға үміттеніп келгендердің бірі Нұргүл Нышанова. 4 баласы бар жалғыз басты ананың күйеуі өмірден өткен. Өзі балаларымен қаладағы «Студенттер» шағын ауданында жатақханада бір бөлмені жалдап тұрады екен. Мемлекеттен алатын жәрдемақы балалардың жыртығын жамауға жетпейтінін айтады.
«Жұмысқа шығайын десем, бала-шағамды тастай алмаймын. 1 жасқа толған қызым бар. Оған қарайтын адам жоқ. Қарасатын ешкімім жоқ. Үй кезегіне тұрғаныма 3 жыл болды. Ол кезектің жылжитын түрі жоқ. Жауапты мекемелерге барсам, обед болды не анадай-мынадай болды деп кіргізбейді»,- дейді.
Ал, 5 баланың анасы Гүлмира Диқанбаеваның тұрғын үй кезегінде тұрғанына 3 жыл болыпты. Бірақ, осы жылдар аралығында кезектің жылжымағанын айтады.
«4 балам мектепте оқиды. Күйеуім қайтыс болған. Қазір мен алыс туысымның үйінің жертөлесінде тұрып жатырмын. Кезегім жылжитын емес. Мен тіпті басқарма басшысы Нұрсадық Ережеповке кірдім. Келесі аптаға қалдырып, мәселемді шешіп берген жоқ. Бүгінге үлкен үмітпен келіп едім»,— дейді жалғызбасты ана.
«Кеше «Түркістан» сарайына барып, айқай шығарғаннан кейін бәрі алдыма жүгіріп келіп лыпқыштап кетті. Әкім кеше 11-де барлық аналарды жеке-жеке қабылдаймын деген. Бірақ әкімнің өзі әлі жоқ. Ғабидолла мырза өзі шақырғаннан кейін, өзі келуі тиіс еді. Қалғандарының бәрі постоянно көріп жүрген адамдар. Бұлар ештеңе бітіріп жатқан жоқ»,— дейді 6 баланың анасы Айгүл Байкуранова.
Көп балалы аналар әкімдіктің мәжіліс залында 2 сағатқа жуық қала әкімі Ғабидолла Әбдірахымовты күтті. Алайда, шаһар басшысы төбе көрсетпегеннен кейін, әкімнен оңбай алданғанын сезіп сыртқа шығып біртіндеп үйді-үйлеріне тарай бастады.
Десе де, қалабасының көп балалы аналарды шақырып бұл жиынға неге келмегені бізге белгісіз. Үш күннен асып барады, әкімдік бұл жөнінде журналистерге әлі түсініктеме бермеді. Кім біледі? Бәлкім Ғаббидолла Әбдірахымов жылдық есебінің тыныш өтуі үшін осындай әрекетке барды ма екен? Өйткені, әлеуметтік мәселелерден қажып, ашынған халықтың есепте үнсіз қалмасы анық еді.
Естеріңізде болса, «Түркістан» сарайында өткен жиында айқай-шудың алдын алу үшін әкімдік қызметкерлері кей тұрғындарды «кешіктіңіз, іште орын жоқ»- деген сылтаумен кіргізбей қойған болатын. Мұндай «тосын сыйды» күтпеген шымкенттік әйелдер ғимарат алдында айқайға басып, өздерімен кездесуге шыққан қала әкімінің бірінші орынбасары Қайрат Нұртайдың бетінен ала жаздаған.
Пікір қалдыру