2019 жылдың 9 айында Түркістан облысының спортшылары спорттың 52 түрі бойынша ҚР чемпионаттарына қатысып, 232 — алтын, 186 — күміс, 258 — қола медаль жеңіп алған. Сонымен қатар, жыл басынан бері өткен Азия чемпионаттары мен кубоктарында облыс спортшылары 53 — алтын, 18 — күміс және 14 — қола медальға қол жеткізсе, осы уақыт арасында Әлем чемпионаттары мен кубоктарында облыс спортшылары 11 — алтын, 8 — күміс және 11 — қола медальға ие болды. 2019 жылдың 9 айында 2 — халықаралық дәрежедегі спорт шебері, 5 — ҚР спорт шебері, 120 спорт шеберіне үміткерлер дайындалды. Спорт түрлері бойынша ҚР Ұлттық құрама командасына облыстан барлығы – 548 спортшы еніп отыр. 2020 жылы Жапония елінің Токио қаласында кезекті жазғы Олимпиада ойындарына қатысу үшін мүмкіндік беретін лицензиялық жарыстарға облыстан 21 спортшы дайындық жұмыстарын жүргізуде.
Қазіргі уақытта, Түркістан облысының 2024 жылға дейінгі әлеуметтік-экономикалық дамуына арналған кешенді жоспарына сәйкес, спорт түрлерінен республикалық және халықаралық жарыстарды өткізуге мүмкіндік беретін бірқатар спорт нысандары Түркістан қаласында салынуда. Мәселен, 7 мың орындық «Орталық стадион» мен Жабық бассейні бар спорт сарайы — 2020 жылдың маусым айында пайдалануға беріледі. «Олимпиадалық резервтер дайындайтын спорт мектебі» — ағымдағы жылы ашылады деп жоспарлануда.
Пікір қалдыру