ҚР Тұңғыш Президенті — Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстан халқына пандемияға байланысты үндеуіне шымкенттік кәсіпкерлер алғашқылардың бірі болып қолдау көрсетті. Олар бүгінде арнайы ашылған қорға қомақты қаражат аударды.
Айта кету керек, Шымкентте Елбасы үндеуіне қолдау білдірген жүрегі жомарт іскер азаматтардың саны сағат санап артып келеді. Қазірде олардың қатарында Ануар Төлендиев, Ерлан Омаров, Аслан Әлімбек, Абдрашит Омаров, Салтанат Игисинова, Мухтар Битемиров, Сайдулла Жантураевич, Ұлықбек Усманов, Рашкүл Оспаналиева, Нұрпейіс Анарбеков секілді кәсіпкерлеріміз бар.
«Қазақтың басына қандай жағдай түссе де ауызбіршілік танытып, бауырмашылығымызды көрсетіп келген халықпыз. Сондықтан, Елбасының бұл бастамасын қолдауға әзірміз. Күні бүгінге дейін мемлекет тарапынан мына біз секілді кәсіпкерлерге көптеген қолдаулар көрсетіліп келді. Үкімет көрсеткен көп көмектің арқасында кәсібін нықтап алған біз секілді кәсіпкерлер мына қиын тұста көпке көмек қолын созуымыз тиіс деп ойлаймын. Елбасының үндеуіне өзге де азаматтардың қолдау білдіргендері жөн»- дейді кәсіпкер Рашкүл Оспаналиева.
Үшінші мегаполис кәсіпкерлері жаһандық пандемияға айналған аурумен күресте аянып қалмайтындарын айтады. Сондай-ақ, Елбасының Қазақстан халқына үндеуін қолдаған жергілікті бизнес өкілдері жұртшылықты еліміз үшін қиын сәтте бір-бірін қолдауға, тіршілікті және адамдардың денсаулығын қамтамасыз ететін қызметтерге барынша көмек көрсетуге шақырады.
«Қаладағы кәсіпкерлерді Елбасының үндеуіне қосылуға шақырамын. Түсінемін бизнесмендерге де оңай емес, бірақ біз ақшаны әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға, мүмкіндігі шектеулі жандарға көмек ретінде жұмсайтын боламыз. Себебі, олардың жағдайын біздікімен салыстыруға келмейді. Осындай қиын сәтте халықтың жанынан табылып, көмекке зәру азаматтарға қол ұшын бермесе, оның кәсіпкерлігінде не мән бар? Бір тиын да сыртқа кетпейді. Қаржыны қалалық әкімдіктің әлеуметтік салаға жауапты мамандарымен ақылдаса отырып жұмсайтын боламыз»- деді кәсіпкер Қайрат Молдасейтов.
Естеріңізге сала кетейік, қазіргі таңда қаламызда азық-түлік пен қажет тауарлар, медициналық заттардың тапшылығына жол бермеу үшін барлық мүмкіндіктер жасалуда.
Пікір қалдыру