Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күніне орай жасаған Үндеуін тыңдап, қатты толқыдым. Тоталитарлық режим ұйымдастырған қуғын-сүргіннің ең ауыр салдарының бірі — депортация болатын. Жауыз саяси жүйе КСРО аумағындағы аз халықтарға өте күшті қысым көрсетті. Біздің ата-бабаларымыз туған жерінен күштеп қоныс аударылып, Қазақстанға жер аударылған. Сол қиын-қыстау кезеңде қазақ халқы депортацияланған ұлт өкілдеріне көп қамқорлық жасапты.
Қазақтың жақсылығын көргендердің бірі – менің әжем болыпты. Туған жерінен ажырап, еркінен тыс жер аударылған байғұс әжем кішкентай 6 баласымен бірге қыстың қақаған аязында вагоннан түсіп, далада қалған. Аяздан үсуге айналған балаларына қарауға дәті бармай, үміті үзілуге шақ қалғанда бір қайырымды қазақ азаматы жолығыпты. Ол бүрсең қаққан балаларды көрісімен үстіндегі тұлыбын шешіп, олардың үстіне жауыпты. Содан әжем қазақтардың мейіріміне талай бөленгенін ерекше ықыласпен әңгімелеп беретін еді.
Әжем үстіндегі тұлыбын шешіп беріп, балаларын үсік шалудан аман алып қалған Аманжол есімді кісі туралы жиі айтып беретін еді. Соғыстан кейінгі қиын жылдары өздері де жарымай отырғанына қарамай қазақтар әжемді 6 баласымен үйіне кіргізіп алып, бір үзім нанын бөліп берген екен. Содан әжеміз өз балалары мен немерелеріне қазақтарға қашан да құрметпен қарауды өсиет етіп айтумен өтті.
Иә, сол дәуірдегі ауыртпалықтар бүкіл Қазақстан халқының басына түскен нәубет еді. Халқымыз енді ондай зұлматқа ұшырамауы үшін өз тарихымызды зерттеп, оны жадымызда жаңғыртып отыруымыз өте орынды. Президент Үндеуінің мәні, міне, осында.
Саждат АХМЕТОВА,
Шымкент қалалық шешен-ингуш этномәдени бірлестігінің төрайымы.
Пікір қалдыру