Шымкентте «Қауіпсіз үй» акциясы аясында 50 отбасыға көмек берілді

Ақпараттық-коммуникациялық орталықта өткен брифингте Шымкент қаласы ТЖ департаменті бастығының орынбасары азаматтық қорғау полковнигі Мадияр Жақсыбаев қалада қауіптіліктің алдын алу бойынша атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды.

– Шымкентте жыл басынан бері мұндай жағдайлар тіркелген жоқ. Бірақ бұл ойланбай, алансыз отыруға себеп емес. Шымкент қаласы Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, балалардың терезеден құлауын алдын алу бойынша тұрғындар арасында профилактикалық жұмыстар жүргізуде. «Қауіпсіз үй» акциясы аясында ТЖ департаменті ардагерлерінің қолдауымен 50 дана «қауіпсіздік құлыптары» сатып алынды — деді Мадияр Есенгелдіұлы.

Мұндай қайырымдылық акциясы республика бойынша өтуде. Шымкенттік құтқарушылардың демеушілігімен алынған терезе шектеулері көп балалы және аз қамтылған отбасылардың үйлерінде орнатылған.

Брифинг соңында жауапты маман ата-аналарды қауіпсіздік ережелерін сақтауға шақырды.

– Кішкентай балаларды үйде жалғыз қалдырмаңыздар. Ешқашан москит торын есепке алмаңыз. Олар қорғауға арналмаған. Терезелерді төменнен емес, жоғарыдан ашыңыз. Балаларға балконға ересектердің қадағалауынсыз шығуына рұқсат бермеңіз. Барлық жиһазды, соның ішінде кереуеттерді, терезеден ары қойыңыз. Бұл баланың терезеге кездейсоқ баруының алдын алуға көмектеседі, — деді.

Бірінші болып пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру

Сіздің эл.почтаңыз сайтқа ашық жарияланатын болмайды.


*