Түркістан облысы Төлеби ауданы Кемеқалған ауылдық округіне қарасты Абай ауылындағы «Қазығұрт бақтары» ауыл шаруашылық өнеркәсіптік кооперативінің алма бауы алғашқы өнімін бере бастады. 2019 жылы негізі қаланған алма баудың жалпы жер көлемі 140 гектар. Мұнда Гренни Смит, Айдаред, Голден делишес, Гала атты алма сорттарынан 265 000 дана көшет отырғызылған.
Кооператив иесінің айтуынша алма көшеттері Италиядан жеткізілген.
«Мұндай алып баудың өнімі де молынан болатынын ескере отырып, жеміс-жидек өнімдерін сақтайтын 1000 тонналық қойма құрылысы да басталды. Бақтағы жеміс-жидектер тамшылатып суғару жүйесімен жабдықталған. Бауға қажетті су бастауын таудан келетін «Қошқарата» бұлағынан алады. Ағын судың мол қорын дайындап, тиімді пайдалану үшін баудан 3-4 шақырым биіктікте дамбы салынды», – деді кооператив құрылтайшысы Әсет Қайыпбеков.
Сонымен қатар, кәсіпкер алдағы уақытта қосымша 80 гектар жерге шие егуді де жоспарлап отыр. Одан бөлек, 130 гектар жерге жеміс-жидектің бірнеше түрін отырғызбақ. Және сол өнімдеріді өндейтін цехты да іске қосатын болады.
Айта кетейік, жалпы ауданда ауыл шаруашылық саласын дамыту мақсатында 21 ірі жоба белгіленіп, оларға мемлекет тарапынан тиісті қолдау беріліп келеді. Бүгінге дейін оның 12-сі іске қосылған.
Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі
Пікір қалдыру