Қоғамдық көлікте «Төлем» қабылдайтын терминал, мобильді стационар істен шыққан болса қолында төлем картасы бар жолаушының тегін жүруіне рұқсат беріледі. Шымкентте жолаушылар тасымалы бойынша алдағы уақытта осындай нақты шара қолға алынбақ. Бұл туралы Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов инстаграмм әлеуметтік желісінде 25-желтоқсан күні өткен тікелей эфир барысында мәлімдеді. «Төлемнің» мәселесі шұғыл өз шешімін тауып жатыр. Басында бұл бастамада қиындық болғаны рас. Қазір тұрақталып келеді. «Төлемді» енгізген мердігер мен жолаушылар тасымалымен айналысатын мердігер компанияларға қаңтар айының басына дейін мерзім берілді. Егер де қоғамдық көлікте «Төлем» қондырғысы істемей тұрса, немесе кондуктор мен көлік жүргізушісінің қолдан осындай келеңсіздік туғызғаны рас болса қолында төлем картасы бар жолаушы діттеген жеріне тегін бара алады. Бұл алдағы уақыттың еншісіндегі іс. Жауапты мердігерлерге әзірге уақыт берілді. Сақадай сай болған соң осындай қатаң тәртіп болады,»- деді Мұрат Дүйсенбекұлы.
Пікір қалдыру