2020-2021 оқу жылында өткен олимпиаданың нәтижесіне сүйене отырып, matol.kz сайты еліміздегі үздік 115 мектептің рейтингісін жасады.
Айта кету қажет, үздіктер қатарынан көріну үшін білім ошағының шәкірттері олимпидада 1 алтын медаль алса да жеткілікті болатын. Өйткені, сайт редакциясы білім ошақтарына балдарды төмендегідей жүйемен бөлген.
- алтын медаль 3 балл;
- күміс медаль 2 балл;
- қола медаль 1 балл;
Нәтижесінде 6 алтын, 12 күміс, 15 қола медальға ие болған Алматы қаласындағы республикалық физика-математика мектебі 57 балмен 1-орыннан көрінген. 2-орын Атырау облысындағы «Білім-инновация» лицейінің еншісінде. Бұл білім ошағы 3 алтын, 10 күміс, 10 қола медальмен 39 балл жинаған. Үздік үштікті олимпиада қорытындысы бойынша 6 алтын, 6 күміс, 8 қола медаль алған (38 балл) Алматы қаласындағы физика-математика бағытында білім беретін Назарбаев интелектуалды мектебі түйіндеп отыр.
Үздік 100 мектептің тізіміне Түркістан облысынан екі-ақ білім ошағы кірген. Бірақ, облыс мектептері өкінішке орай үздік отыздыққа да ене алмапты. Бұл өңірдегі мектептердің ішінен 6 қола медальға ие болған Кентау қаласындағы «Білім-инновация» лицейі 6 балмен тек 50 орыннан көрініпті. Ал, Түлкібас ауданындағы М.Ломоносов атындағы мектеп-гимназия 62 орынға тұрақтаған.
Үздік 100 олимпиадалық мектеп тізімінің толық нұсқасымен төменде таныса аласыздар.
Пікір қалдыру