Түркістан облысында сөйлемді ежіктеп әрең оқитын мұғалім директордың қызы болып шықты

Сарыағаштық мектептердің бірінде орыс тілі пәнін өзі ежелеп оқитын мұғалім балаларға сабақ беріп келген, деп жазады Оtyrar.kz  сайты.

Бүгінде мектепте оқу процесі қарқынды жүріп жатыр. Бірақ «Отырар» телеарнасының тілшісі барғанда білім ошағының басшысы жұмыс уақтысында қызмет орнында болмай шығыпты. Директордың оқу ісі жөніндегі орынбасарының айтуынша, ол отбасындағы жағдаймен байланысты шығып кетіпті. Ал сөйлемді ежелеп оқып отырған орыс тілі пәнінің мұғалімі 1 наурызға дейін балаларды оқытып келген, бүгінде декреттік демалыста. Оның кәсіби біліктілігінің сәйкес келмейтіндігі үшін жұмыстан неліктен шығарылмағаны сол күйі жұмбақ.

Директор орынбасары журналистерге мектепте – кадр мәселесімен директорға немесе аудандық білім бөліміне жүгіну жөнінде кеңес берген. Мұғалімдерді жұмысқа қабылдау немесе шығару жөніндегі шешім тек сонда қабылданады екен.

Әріптестердің «Мұғалім директордың қызы ма?»,- деген сауалына директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары «Иә»,-деп жауап қатқан.

Алайда аудандық білім бөліміндегілер мектептегі педагогтарға қатысты барлық жауапкершілік директорға жүктелгенін айтты. Мұғалімді жұмысқа алу не алмау жөнінде шешімді директордың өзі ғана қабылдайтын көрінеді.

«Егер де мектепте бос жұмыс орны болса, ол жөнінде хабарлама порталда жариялануы тиіс. Тек осыдан кейін ниет білдіргендер арыз жазып, тестілеуден өтуіне болады. Ал сынақтан өтпесе, келесі жолы келіп тапсыруға мүмкіндік бар. Сынақтан өткен талап берушімен сұхбат жүргізіліп, оның қорытындысы бойынша арнайы комиссия мүшелері мұғалімді жұмысқа алу, не алмау жөнінде шешім қабылдайды. Бұл комиссия төрағасы – мектеп директоры, ал комиссия мүшелерінің қатарында қоғам белсенділері, ата-аналар комитетінің өкілдері және БАҚ мамандары бар»,- дейді Сарыағаш аудандық адами әлеуетін дамыту бөлімінің  бас маманы Закир Тұрсынбаев.

Белгілі болғаны, бұл сынақты біліктілігі күмән тудырған мұғалім әрең дегенде тапсырып, шекті 50 баллды жинаған екен. Бірақ бұл тұста ол балды қалай жинағанына қатысты да сауал жеткілікті. Жауаптылар «мұғалімнің орыс тілі және әдебиет пәні мамандығы бойынша жоғары білімі жайлы дипломы бар» деп журналистерді сендірген. Ал тиісті құжатты жұмыс күнінің соңына дейін көрсетеміз деп уәде етіпті.

Ең қызығы, мұғалімнің сабағына аудандық білім бөлімінің мамандары қатысып, деңгейі тексерілген де екен. Мұғалімнің біліктілігін тексергендер мен бұл оқиғаға қатысты мектептегі жауаптылар туралы мәлімет Түркістан облыстық адами әлеуетті дамыту басқармасына жолданатын болды.

Бірінші болып пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру

Сіздің эл.почтаңыз сайтқа ашық жарияланатын болмайды.


*