ШЫМКЕНТ: «INTELLECT» ФИЗИКА-МАТЕМАТИКА БАҒЫТЫНДАҒЫ ЛИЦЕЙДІҢ РЕСМИ АШЫЛУЫ ӨТТІ

 

Бүгін Шымкент қаласының Асар мөлтек ауданында «Intellect» физика-математикалық лицейінің ресми ашылуы болды. Бұл жиынға Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқан, қалалық Білім басқармасының басшысы Жанат Тәжиева және мәртебелі қонақтар қатысты.

Салтанатты рәсім барысында Шыңғыс Жұмабекұлы: «Құрметті ұстаздар, оқушылар, баршаңызды «Intellect» физика-математика бағытындағы мектептің ресми ашылуымен құттықтаймын! Бұл оқу ордасы Шымкент қаласының білім саласында алар орны ерекше болатынына сенімдімін. Әр бүлдіршін, әр оқушы – біздің болашағымыз. Армандарыңыз орындалсын, үлкен жетістікке жетіңіздер!» – деп, ақжарма тілегін айтты.

 

Ал Жанат Арысбекқызы бұл мектеп үшінші мегаполистегі 50-ші жекеменшік білім ұясы екенін айта келе: «Дәл осы мөлтек ауданнан ашылып жатқаны бізді қуантып отыр. Өйткені мұндағы №89, №90 білім ордалары үш ауысымды мектеп қатарына жатпағанымен, бала саны шамадан әлдеқайда артық. Яғни, жан басына қаржыландыру бойынша жұмыс істейтін жекеменшік мектептердің бой көтеруі осы мәселенің шешілуіне көп септігін тигізеді», – деді.

Еліміздің білім беру стандартына сәйкес сабақ беретін мектептің директоры Ерлан Құдайбергеновтің сөзінше, лицейде физика-математика пәні тереңдетіліп оқытылады. Сонымен қатар, жалпы пәндер бойынша қосымша сабақ пен шығармашылыққа баулитын шахмат, домбыра, тігін үйірмелері жұмыс жүргізеді. Жалпы 600 оқушыға арналған мектепте бүгінде 277 бала тәлім алуда. Заманауи үлгіде бой көтерген білім ошағы екі оқу ғимараты, акт залы, медициналық пункт және асханамен қамтылған. Ал 23 сыныптық оқу бөлмесі бар.

Еске салсақ, аталған оқу ордасы шәкіртке әлемдік деңгейде сапалы білім мен ұлттық деңгейде саналы тәрбие беру арқылы егеменді еліміздің азаматын жан-жақты дамыған зияткер тұлға етіп қалыптастыруды көздейді.

Айта кетейік, ашылу салтанатында «Ummet» қоғамдық қорының өкілдері балаларға мектеп формасы мен оқуға қажетті құралдарды сыйға тартты.

Фото – Серік Қосаев

Бірінші болып пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру

Сіздің эл.почтаңыз сайтқа ашық жарияланатын болмайды.


*