Айтыскер ақын Біржан Байтуовпен шығармашылық кездесу кеші өтті

Шымкент қаласы «Отырар» колледжінде қазанның 17 мен 22-сі күні аралығында «Тіл тұғыры, ел ғұмыры» атты апталық аясында Ерлан Құдайбергеновтің ұйымдастыруымен республикалық дәрежедегі айтыскер ақын, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ «философия және саясаттану» факультетінің түлегі, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының иегері, «Қаратау» дəстүрлі өнер мектебінің директоры Біржан Байтуовпен кездесу кеші өтті.

Кездесу кешінде колледж студенттері ақынға көңілдерінде жүрген көкейтесті сұрақтарын қойып, мардымды да көңілге қонымды, толыққанды жауаптарын алды. Біржан ағамыз кездесу барысында сұрақтарға жауап беріп қана қоймай, өмірдегі жинаған тәжірбиесіне сүйеніп, өмірге деген көзқарасын студенттерімізге әзіл-қалжыңы аралас ақылын айта отырып, емен-жарқын сұхбат берді. Кеш жүргізушілері белсенді де білімді студенттеріміз — Жібек Қуандыққызы мен Досбол Ерболұлы.

Біржан Байтуов ерте жастан айтысқа араласып, өзінің орамды шумақ, ерекше ұйқастарымен көрерменнің көзайымына айналып, бірнеше аламанда оза шапты. Ол 1990 жылы 22 ақпанда ОҚО Бәйдібек ауданы Майбұлақ ауылында дүниеге келген. С. Сейфуллин атындағы орта мектепте (1996-2007) оқыған. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ «философия және саясаттану» факультетінің (2007-2011) түлегі. Ең алғаш 6-сынып оқып жүрген кезінде аудандық оқушылар айтысына қатысып топтан озып шығып, облыстық айтысқа жолдама алды. 10-сыныпқа көшкенде республикалық оқушылар айтысынан ІІ орын алды. Қазақстан ұлттық телеарнасының «Айтыс Қазақстан чемпионаты» жобасында «Ең үздік жас ақын» (2006) номинацясын иеленді. «Аламан айтыста» ІІІ орын әрі «Көрермендер көзайымы» номинациясына (2007) қол жеткізді. Шымкент қаласында өткен «Республикалық наурыз айтыста» бас жүлде (2007), Павлодарда өткен Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының 150 жылдығына арналған республикалық айтыста І орын (2008), Атырау облысының 80 жылдығына арналған республикалық айтыста бас бәйге, Бәйдібек ауданының 80 жылдығына арналған республикалық айтыста бас бәйге, ОҚО 80-жыл толуына орай өткізілген айтыста І орынды (2012), Шымкент қаласында Төле бидің 350 жылдығына, Абылай ханның 300 жылдығына арналған айтыста бас бәйгені (2013) еншіледі. Аламандағы адуынды ақын айтыс өнерінен бөлек жазба поэзияда да біраз жетістікке жетіп жүр. Яғни, «Шабыт толқынында» атты тұңғыш жыр кітабы (2007) шыққан.

Кездесу барысында тек студенттеріміз ғана емес оқу орнының оқытушылары да өз сұрақтарын қойып үлгерді. Ағылшын тілі пәнінің оқытушысы Дияна Рамазанқызы қорытынды сұрақ ретінде ақыннан студенттерімізге ақ тілегі мен студенттік шақтың қадір қасиеті туралы пікірін сұрады. Жалпы айтқанда ақынның балалық шағы, бала арманынан бастап алға қойған мақсаттарына дейін айтылуы керек болған дүниенің барлығы қозғалды десек те болады.

«Отырар» колледжінің студенттері ақынға тек сұрақтар қойып қана қоймай, өз өнерлерін көрсетті. Үшінші курс студенті Абдуғаппар Батыр «Жаным қазақ» әнін орындап берсе, бірінші курс студенті Әсел Оңғарбаева ағамызға өз арнауын айтып берді.

Сұқбат барысында байқағанымыз — Біржан ақын ұлтымыздың барлық құндылығына шын жаны ашитын, бірнеше белсенділігімен елдің игілігі үшін жасаған істеріне қарай отырып, еліміздің қамын ойлайтын, жастардың ойымен санаса білетін, білікті де білімді, заманауи ақын және алға қойған мақсаты айқын еліне жанашыр жан екен. Біржан ағамыздың білімділігі мен сөзге шеберлігі соншалық бір сағатқа созылған шығармашылық кездесу бес минуттай тез өтіп кетті. Осыдан-ақ, қандай керемет кездесу, пікір алмасу болғанын бағамдай берсеңіздер болады. Рухани азық беретін осындай іс-шаралар студенттер үшін ауадай қажет. Әсіресе жастардың патриоттық сезімдерін шыңдауға септігін тигізері хақ. Колледжімізде өткен бұл кездесуден студенттер мен оқытушылар ерекше әсермен тарқасты.

Перизат Серікболқызы,
«Отырар» колледжі қазақ тілі мен әдебиеті
пәнінің оқытушысы

Бірінші болып пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру

Сіздің эл.почтаңыз сайтқа ашық жарияланатын болмайды.


*