ҚАЛАМЫЗҒА МОНОПОЛИСТ КОМПАНИЯЛАР ИНВЕСТИЦИЯ САЛЫП ЖАТЫР

Қаламызда ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Тарифті инвестицияға айырбастау» саясаты белсенді түрде жүргізіліп жатыр. Бұл жөнінде ҚР Ұлттық экономика министрлігі Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Шымкент қаласы бойынша департаменті басшысының міндетін уақытша атқарушы Айсұлу Әлібекова мәлімдеді.

–Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауында монополиялы нарықтарда «Тарифті инвестицияға айырбастау» деген жаңа тариф саясатына көшу керегін айтқан болатын. Президент ұсынған жаңа саясатқа сәйкес, қайсы монополист инфрақұрылым желілерін жаңартуға инвестиция салса, мемлекет сол компанияға коммуналдық тарифтерді өсіруге рұқсат береді. Өйткені, еліміздегі коммуналдық және энергетикалық инфрақұрылымның әбден тозығы жеткен. Кейбір электр, жылу станцияларының салынғанына 50-60 жылдан асып кеткен. Президент бұл мәселеге уақтылы назар аударып, тиісті жұмыс жүргізілмесе, еліміздің энергетикалық дағдарысқа тап болып, халықтың жарық пен жылусыз қалуы мүмкін екенін ескертті, — дейді Айсұлу Қуанышбекқызы.

Энергетика министрлігінің сараптамасы бойынша, еліміздегі 37 жылу-электр орталығының 19-ы қызыл аймаққа, 11-і сары аймаққа және 7-еуі жасыл аймаққа кірген. Бұл саралау станциялар мен ондағы жабдықтардың техникалық жағдайына қарай жүргізілген. Айта кетерлігі, 2020 жылмен салыстырғанда станцияны уақытша әкеп соқтыратын апаттық жағдайлардың саны 5 пайызға өскен. Еліміздегі кейбір жылу электр орталықтарының қызмет ету мерзімі 60 жылдан асады. Ал, станциялардың төрттен үш бөлігі жарты ғасырдан астам уақыттан бері жұмыс істеп тұр екен. Осы деректердің барлығы Мемлекет басшысының «Тарифті инвестицияға айырбастау» саясатының қаншалықты қажетті екенін көрсетіп тұр.

Осы орайда Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Шымкент қаласы бойынша департаменті мен Шымкент қаласы әкімдігінің бірлескен бұйрықтары мен «Су ресурстары-Маркетинг» ЖШС-інің 2023-2026 жылдарға қосымша инвестициялық бағдарламасы бекітілген. Оған сәйкес, монополист компания осы уақыт аралығында сарқынды суларды бұру қызметі бойынша кәріз желілерінің тозуын төмендетуді мақсат етеді. Сондай-ақ, 2023-2026 жылдар аралығына арналған жаңа тарифі бекітілген. Ағымдағы жылдың 1 шілдесінен бастап ауызсу тарифінің бағасы қымбаттаған.

Жылу энергиясын өндіру қызметіне бекітілген инвестициялық бағдарлама негізгі құралдарды күрделі жөндеуге бағытталған іс-шараларды көздейді, бұл негізгі құралдардың тозуын 60,7 %-дан 57,7%-ға немесе 3,02%-ға төмендетуге мүмкіндік береді.

Сонымен жылу энергиясының 2023 жылға орташа босату тарифі 5,03%-ға өсіре отырып, 4 785,74 теңге/Гкал болып белгіленген.

Монополист компания өкілдерінің хабарлауынша, инвестициялық бағдарламаны іске асыру алдағы жылыту маусымында қаланы сапалы және үздіксіз жылумен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Биылға 2 қазандық, 1 турбоагрегатты күрделі жөндеуден өткізу жоспарланған болса, бүгінде 2 қазандықта жұмыстар толық аяқталған.

 

Бірінші болып пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру

Сіздің эл.почтаңыз сайтқа ашық жарияланатын болмайды.


*