«ОҢТҮСТІК» АРНАЙЫ ЭКОНОМИКАЛЫҚ АЙМАҚТАҒЫ ФАБРИКАЛАР ІШКІ НАРЫҚТЫ ҚАМТЫП ОТЫР

«Оңтүстік» арнайы экономикалық аймақ мемлекет басшысының тапсырмасымен мақтаны қайта өңдеу өндiрiстерін, тоқыма және тігін өнеркәсiбiн дамыту мақсатында құрылған.
Бүгінде өндірістік бағыттары кеңейтіліп, құрылыс материалдарын өндіретін кәсіпорындар, жиһаз шығарушылар, фармацевтика, машина жасау және химия өнеркәсібі салалары жолға қойылған.
«Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағында жалпы инвестициялық құны 130.4 миллиард теңгені құрайтын 53 жобаны іске асыру көзделген. Сол жобалардың кейбіріне тоқтала кетсек.
«Azala Cotton» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағы аумағында орналасқан мақта иірім жібін шығаратын елдегі жалғыз фабриканы ашқан. Бұл кәсіпорынға тартылған инвестицияның жалпы көлемі 7,07 млрд. теңгені құрайды. Кәсіпорын 300-ге жуық адамды тұрақты жұмыс орындарымен қамтамасыз етіп отыр. Фабриканың өндірістік қуаты жылына 6 мың тоннаға дейін кардтық және тарамдалған мақта-мата иірім жібін шығаруға мүмкіндік береді. Компания өнімдерінің 90 пайыздан астамы Ресей мен ҚХР нарықтарына экспортталады.
Шымкенттің жеңіл өнеркәсіп саласында табысты жұмыс істеп келе жатқанда компаниялардың тағы бірі – «Azala Textile» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Бұл кәсіпорын жіптен иіруден бастап дайын өнім шығаруға дейінгі толық өндіріс циклі бар фабрика ашқан. Онда жылына 2,8 мың тонна иірім жіп пен 14 миллион метр қатты матадан дайындалатын тоқыма бұйымдары шығарылады. Бүгінгі таңда кәсіпорын дайын маталар, түкті және вафельді сүлгілер, жаймалар, төсек-орын жабдықтарын, жастық-көрпе тыстары мен балаларға арналған тоқыма бұйымдарды нарыққа шығарып отыр.
Сонымен қатар «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағында «Хлопкопромцеллюлоза» атты компания жұмыс істеп жатыр. Бұл кәсіпорын – Қазақстандағы мақта целлюлозасының, карбоксиметилцеллюлозаның және полианионды целлюлозаның жалғыз өндірушісі.
2010 жылдан бастап жүзеге аса бастаған жобаға салынған инвестициялардың жалпы сомасы 4 миллиард 480 миллион теңгені құрайды. Бүгінгі таңда кәсіпорында 200-ге жуық адам жұмыс істейді. Зауыттың өндірістік қуаты жылына 5 мың тонна мақта целлюлозасын, 6 мың тонна карбоксиметилцеллюлозаны және полианионды целлюлозаны өндіруге жетеді.
Айта кету керек, компанияның өнімдері Ресейге және өзге де ТМД елдеріне сәтті экспортталады және оқ-дәрі өндірісі, мұнай және газ ұңғымаларын бұрғылау, тамақ өнеркәсібі және фармацевтика, сондай-ақ құрғақ құрылыс қоспаларын өндіруде кеңінен қолданылады.
Мұнан бөлек «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағында «QAGAZ Ordasy SEZ» жауапкершілігі шекутеулі серіктестігі де жұмыс істеп жатыр. Бұл – Оңтүстік өңірдегі А3, А4 форматтарындағы кеңсе қағазын өндіретін жалғыз кәсіпорын. Зауыттың өндірістік қуаты жылына А4 кеңсе қағазының 3 млн. бумасын және А3 кеңсе қағазының 360 мың бумасын шығаруға жетеді
Ал, «АГФ Групп» ӨК» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі – аты әлемге әйгілі «IKEA» сауда белгісінің Қазақстандағы ең ірі серіктесі. 2021 жылы кәсіпорын қосымша тігін цехын салып, өндіріс ауқымын кеңейтті. Аталған жобаға салынған инвестициялардың жалпы сомасы 751 миллион теңгені құрайды. Жаңа кәсіпорында 235 жұмыс орны құрылған. Осылайша зауыт жылына 20 млн дана тоқыма бұйымдарын шығаратын деңгейге көтеріліп отыр.

Бірінші болып пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру

Сіздің эл.почтаңыз сайтқа ашық жарияланатын болмайды.


*