Денсаулық сақтау саласы жиі сынға ұшырап жатады. Десе де, соңғы жылдары медициналық қызмет сапасын көтеру мақсатында бұл салада көптеген жұмыстар атқарылу үстінде. Соның бірі – медицина ұйымдарын аккредиттеуден өткізу.
Шымкент қаласында халықтың медициналық мекемелер ұсынатын медициналық қызметтердің сапасы мен қолжетімділігіне қанағаттану деңгейі бойынша халыққа сапалы және уақытылы медициналық қызмет көрсету мақсатында 20 медициналық ұйым аккредиттеуден өткен. Жыл соңына дейін медициналық ұйымдарды ұлттық аккредитациядан өткізуді 35 %-ға жеткізу жұмыстары жүргізілуде. Сондай-ақ, қалалық диагностикалық орталық дәріханасы GPP стандартына сәйкес сертификатталған.
Сондай-ақ медициналық мекемеде GPS навигациясы базасында аймақтық медбикелердің қызмет көрсету аумағына байланысты аула аралау жұмысын қадағалауға арналған бақылау жүйесі енгізілді.
№ 1, 3, 7 қалалық емханаларда үздік практика орталықтарын ашу бойынша жол картасы бекітілді, қазіргі таңда оқыту жұмыстары жүргізілуде.
Аккредиттеу сөзі латын тілінен енген. Сенім білдіремін деген мағынаны білдіреді. Ол – медицина ғылымы мен технологияның қазіргі заманғы дамуы негізінде бегіленген стандарттарға сәйкестігін бағалау үшін қолданылатын үрдіс. Аккредиттеу – еріктілік, тәуелсіздік, әділдік, жариялылық және айқындық қағидаттарына негізделген, әрі бәсекеге қабілетті денсаулық сақтауды қалыптастыру, медициналық көмектің сапасын жақсарту үшін жүргізіледі.
2007 жылы Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлігі ең алғашқы ұлттық стандарттарды бекітті. Ол стандарттар талай өзгеріске ұшырады. 2009 жылдан бастап бізде аккредиттеу рәсімі басталды. Жыл санап аккредиттеуден өтуге ниеттенген мекемелердің саны ұлғайып жатыр.
Аккредиттеуден өтуге ниеттенген медициналық ұйымдар жан-жақты бағалаудан өткізіледі. Себебі, ол кезде жалпы басқару, дәрілік қауіпсіздік, өрт қауіпсіздігі, науқастың қауіпсіздігі, қаржыны басқару, еңбек шараларының жүргізілу барысы, ішкі аудит, ресурстарды басқару, еңбек гигиенасы және т.б. параметрлерге жіті назар аударылады. Бұл медициналық қызмет сапасын арттыруға, техникаларды заман талабына сәйкестендіруге, медицина саласын жетілдіруге септігін тигізеді.
Пікір қалдыру