«ҚАЗАҚСТАН-ТҮРКИЯ ДОСТАСТЫҒЫ»: ШЫМКЕНТТЕГІ САЯБАҚТЫҢ ЖАҢА АТАУЫ

Бүгін мемлекетіміздің Тәуелсіздігін алғаш мойындаған бауырлас ел Түркия Республикасының 100 жылдығына орай, қаладағы 11 шағынауданда орналасқан саябаққа «Қазақстан–Түркия достығы» атауы берілді.
Салтанатты жиында қала әкімі Ғабит Сыздықбеков құттықтау сөз сөйледі.
– Қазақстан мен Түркия – түбі бір түркі елдері. Біз – қарым-қатынасымыздың тамырын тереңге жайған елдерміз. Өйткені мәдениетіміз, дәстүріміз, рухани құндылықтарымыз қатты ұқсас. Жақында екі ел басшылары өзара сенім мен қолдауға негізделген екі ел арасындағы кеңейтілген стратегиялық серіктестікті одан әрі нығайтуға ниетті екенін растады. Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігін алғаш мойындаған бауырлас ел ретінде Түркия Республикасын 100 жылдығымен құттықтай отырып, осы саябаққа «Қазақстан–Түркия достығы» атауын беру туралы шешім қабылдадық, – деді қала басшысы.
Сондай-ақ қала әкімі: «Екі мемлекеттің ынтымағы мен достастығы артып, халықаралық аренадағы алпауыт мемлекеттерге айнала берсін!» – деп тілегін жеткізді.
Жиын барысында Түркия Республикасының Алматы қаласындағы Бас Консулы Эврен Мюдеррисоглу ыстық ықыласын білдірді.
– Түбіміз бен тегіміз бір Қазақстан халқымен саяси-экономикалық байланысымыз күшін жоймаған, тиісінше даму үстінде. Тамырымыздың тереңдігі себепті біз Қазақстан мен Түркияның қарым-қатынасын ары қарай күшейтеміз, – деді Эврен Мюдеррисоглу.
Мерекелік іс-шараға зиялы қауым өкілдері мен қала тұрғындары қатысты.
Айта кетейік, саябақта серуендеуге қолайлы жағдай жасалған. Жер көлемі – 1,6 гектар. Саябақтың құрылысы 2022 жылы аяқталған.

Бірінші болып пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру

Сіздің эл.почтаңыз сайтқа ашық жарияланатын болмайды.


*