Д.САТЫБАЛДЫҒА СОҢҒЫ ЕСКЕРТУ: КЕЛЕСІ ӘКІМ КІМ?

Түркістан облысының әкімі қызметінен Өмірзақ Естайұлы кеткелі, өңірдің даму қарқыны тұралап қалғандай әсер қалдырады. 2022-жылдың жаз айында Ө.Шөкеевтің орнына  бұл қызметке  Дархан Сатыбалды тағайындалғанда, үлкен үміт болған. Ол орынды да. Өйткені, Дархан Амангелдіұлы бұған дейін де Шымкент қаласының әкімі қызметін атқарып, бұрынғы ОҚО-ы әкімінің бірінші орынбасары да болды. Сосын сенатор атанып, соңынан өзбек еліне елші болып аттанған. Яғни, ел басқару ісінде тәжірибесі толысқан азамат деп айтуға тұрарлық.

Алайда, облыс әкімі қызметінде отырғанына 2 жылға таяса да әзірге Д.Сатыбалдының ауыз толтырып айтар жұмысы болмай тұр. Бұны біз ғана емес, президентіміз Қ.Тоқаев та байқапты.  Жуырда ғана Үкіметтің кеңейтілген отырысында мемлекет басшысы, «Түркістан облысын құрғақшылық басу қаупі жоғары. Бірақ, оның алдын-алу бойынша облыста жұмыстар жүргізіліп жатқан жоқ»,- деп сынады. Сеніңіз, бұл дегеніміз президентіміз тарапынан Сатыбалдыға қарай соғылған «дабыл»!

Сондай-ақ, құзырлы органдар облыстың білім саласын соңғы 3-4 жылда бөлінген қаржыларды зерделеп, миллиардтардың жымқырылғанын анықтады. Құқық қорғау органдарының мәліметі бойынша аудандық білім бөлімдерінің есепшілері жымқырған қаржының көлемі 13 миллиардтан асып кетті. Білетіндер бұдан кейін Дархан Сатыбалды отырған «креслоның» шатқаяқтап тұрғанын айтады. Облыс әкімі өткен жылдың қазан айында ғана білім басқармасына басшы етіп тағайындаған Ғалымжан Жұмашевтың үстінен құқық қорғау органдары қылмыстық кодекстің 361-бабымен қылмыстық іс қозғап, ұстап әкеткені жығылғанға жұдырық болып тұр.

Түркістанға келген соң, Д.Сатыбалды жылдан астам уақыт кадрлық ауыс-түйістер жасады. Соған қарағанда, оған команда жинау оңай болмаған сияқты. Десе де, маман таңдауда ол бір ғана Жұмашевпен қателесіп қойған жоқ. Жетісай ауданының әкімі қызметіне жас маман Серік Үсенұлы Мамытовты тағайындап, айды аспаннан шығарды. Сол Мамытов барғалы Жетісайдың өңірдегі аудандар арасында көрсеткіштері көтерілмей-ақ қойды. Бұл жайында жергілікті басылымдар жиі жазып жүр. Жә, Серік Үсенұлына кейінірек тоқталармыз.

Түркістан облысы әкімінің орынбасарларын да жұмысқа жүйрік деп айта алмайсың. Әсіресе ақпараттық насихат, идеология саласы ақсап тұр. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың естуші мемлекет тұжырымдамасы жайлы облысты басқарып отырғандар естіді ме екен деген сауал туындайды кейде көкейде. Себебі, әкімдік пен оның басқарамаларының жұмысына қатысты әлеуметтік желілер мен БАҚ-та жарық көрген сыни ақпараттарға жауап беріп әуре болмайтын болған. Мәселен, облыстық қазынадан 90 миллион қаржы қаралған «Келіндер көтерілісі» қойылымына әлеуметтік желілерде белсенділер мен журналистер наразылықтарын білідіріп ашық жазды. Бұл проблемаға қатысты брифинг ұйымдастырып, жауапты басқармадан шығып түсініктеме берген маман болмады. Сондай-ақ, боксшы Сәкен Бибосыновтың пәтеріне қатысты да БАҚ өкілдері мен блогерлер әлжеліде сауалдар жолдағанда, әкімдіктен бір өкіл шығып анықтап ақпарат айтпады. Тек құзырлы министрліктегі комитет төрағасының пікірін таратып әлек болды.

Айтпақшы, облыстың спорт саласы да өткен жылы ауыз толтырып айтарлық жетістіктерге жете алмады. 2 миллионнан астам халқы бар ірі өңірден жазғы Азия ойындарына аттанған бірде-бір спортшы алтын медальға қол жеткізе алмай, масқара болып қайтты. Салыстырмалы түрде айтсақ, миллионнан астам тұрғыны бар көрші Шымкент қаласының спортшылары 5 алтын медальды ел қоржынына салды. Бұл жайлы жазған желі белсенділеріне де не әкімдік, не басқарма тарапынан жөні түзу жауап болмады. Тіпті, дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысын сұхбатқа шақырып едік, іргесін бізден аулақ салды.

Хош! Тізе берсең өңірде мәселе көп. Естуімізше бұл проблемалардан үкімет үйіндегілер де қанық екен. Ел арасында «премьер-министр Олжас Бектенов, жуырда Түркістанға келіп, облыс әкімі Д.Сатыбалдыға олқылықтарды жою үшін соңғы рет ескерту жасайды екен»,- деген сөз атйыла бастады. Үкіметтің осы аптадағы жиынына әкімдерден тек Дархан Сатыбалдының барғанын ескерсек, бұл сөздің жаны бар ма дерсің. Рас болса, Дархан Сатыбалдының облыс әкімі лауазымындағы күні алыс емес, келесі әкім кім?

 

Бірінші болып пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру

Сіздің эл.почтаңыз сайтқа ашық жарияланатын болмайды.


*