Естеріңізде болса, қалада 2021 жылы Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай, «Шымкент жастар лигасы» құрылған болатын. Жобаны қалалық ішкі саясат және жастар ісі жөніндегі басқармасы, білім мен дене шынықтыру жəне спорт басқармалары бірлесіп ұйымдастырған.
«Аталған жоба мектеп оқушыларының бос уақытын тиімді өткізу, спортпен шұғылдану арқылы олардың ерік-жігері мен табандылығын қалыптастыру және Қазақстан Республикасының чемпионаттарына команда жасақтау мақсатында ұйымдастырылып отыр»,- деп түсіндірген болатын сол кезде қалалық ішкі саясат және жастар ісі жөніндегі басқармасындағылар.
Жоба аясында мектеп оқушылары футбол, баскетбол, волейбол, шахмат секілді спорттың 4 түрінен жарысқа түскен болатын. Жүлде қоры да қомақты еді. Әр спорт түрінен жеңімпаз атанған мектеп командасына 20 миллион төңге көлемінде, яғни жолаушы тасымалдайтын шағын автокөлік тарту етілген.
2 жыл қатарынан дәстүрлі түрде өткен «Шымкент жастар лигасының» кезекті маусымы былтыр күз айларында басталып, осы көктемде өз мәресіне жетуі тиіс болған. Алайда, бізге белгісіз себептермен жоба жүзеге аспай қалыпты. Бұған қатысты жауапты басқармалар әзірге нақты себебін айтып пікір білдірмеді.
Десе де, «қалада әкім ауысқалы бүгінгі әкімдік тарапынан жобаға қызығушылық жоқ. «Шымкент жастар лигасы» бұған дейін демеушілердің есебінен жүзеге асып келген» деген жел сөз ел арасында жүр. Ресми мекемелерден ресми жауап болмаған соң, халық арасында өсек әңгімелердің өршитіні әмбеге аян. Сондықтан, жобаның жабылу себебін жауапты басқармалар түсіндірер деген үміттеміз.
Пікір қалдыру