Гаухарбек Күнхожаев бала кезінен ағаш өнеріне берік шебер. Қарапайым қазақ отбасында,шырайлы Ордабасы ауданы Мақтаншы елдімекенінде 1965 жылы дүниеге келген. Балалық дәурені Арыстың ақ толқынында өткен. Оның негізгі мамандығы — музыкант. Шымкент қаласындағы бұрынғы педагокикалық өнер институтының түлегі. Бірақ,өз саласы бойынша небәрі 2 жыл қызмет етіп, ары қарай бала күнгі арманы аспап жасауды қолға алған. Оның әрбір туындысының астарында асқан өнер мен философиялық ойлар жатыр. Ең алғашқы туындысының дүниеге келуіне көрген түсі әсерін берген екен.Анығын айтқанда, ғайыптан аян етілгендей анық түстер өміріне жол сілтеп,бағыт-бағдар беріп отырған.
Шығармашылық жолында өнері мен өмірін сабақтастыра отырып, бар өмірін осы аспап жасауға сарп еткен. Мәселен, “Жер Ана” туындысын жасауға 3,5 жыл уақытын арнаған. Әрбір ағаштың ерекшелігіне мән беріп, онымен сөйлесе алатын қасиетке ие. Яғни, белгілі бір бейнені елестетіп, сол бейнені одан әрі жетілдіруге серпін береді. Шебер өзінің жасаған жұмыстарына толықтай авторлық иелік ете отырып, ақындық қасиеті арқылы туындыларын сөйлетеді. Шеберлікпен қатар, ақындық, аспапта ойнау, кескінді көркемдеу сынды қасиеттері бір бойында табылады.
Шебердің көркем туындыларының бірі, эксклюзивті домбырасы Елбасы Н.Назарбаевтың жеке мұражайында сақтаулы тұр. Бұнымен жеткен жетістігі тоқтаған жоқ,керісінше тез танылып, көрмелерге ұсыныс алып, сол бір кезеңдерде шебердің «Күйтара» авторлық домбырасын Голливуд жұлдызы Стивен Сигал сатып алады. Франция президенті Эмманюэль Макронның да ыстық ықыласын алып үлгерген.
Гаухарбек шебердің ендігі мақсаты – қазақ қолөнерін жандандырып, дамытып,әлемге таныту.
Аяулым Тоқтасын — Қожа Ахмет Ясауи атындағы ХҚТУ 3-курс студенті
Пікір қалдыру