САРЫАҒАШТАҒЫ БАСПАНА «БИЗНЕСІ»: АҚША АБДУЛЛАЕВТЫҢ ҚАЛТАСЫНА КЕТІП ЖАТЫР МА?

Сарыағаш ауданында 583 пәтер былтыр қолданысқа берілген. Арадан жыл өтсе де, әлі күнге сол баспаналардың 50 пайызында жан адам тұрмайды екен. Бұл жөнінде жергілікті қоғам белсендісі Түркістан облысының әкімі Дархан Амангелдіұлының ауданға іс-сапары барысында айтты.

Рабиға есімді аудан тұрғыны, өңір басшысымен өткен жиында өзекті мәселелер көтерген. Оны таспаға түсіргендер, бейнеролик жасап әлеуметтік желіге жүктепті.

Қоғам белсендісінің айтуынша, тұрғын үйдің қожайыны анықталған соң, заңдылығына сәйкес күту мерзіміне берілетін уақыт 30 күн немесе 60-90 күн екен. Осы аралықта пәтерге қожайыны қоныс аудармаса, мемлекетке қайтарылады.

«Бірақ бізде 7 күннен кейін берілгеніне 1 жыл толатын үйлердің 50 пайызы бос тұр. Қалған 10 пайызында «квартиранттар» тұрады. Қалған 10 пайызында пәтер иесінің ағайын-туысы, көршілері тұрады. Тағы 5 пайызы біздің ауданның тұрғындары емес. Кентау, Келес, Мақтаарал аудандарының тұрғындары алған. Оған нақты дәлеліміз бар» деді Рабиға.

Десе де, бұл мәселе Дархан Сатыбалдының Сарыағаш ауданына өткен жылғы іс-сапары барысында да көтерілген екен. Сонда өңір басшысы аудан әкімі Арман Абдуллаевқа мәселенің анық-қанығын зерттеуді тапсырған көрінеді.

«Сіз айтқаннан кейін, біз Арман Абдуллаев екеуміз ЖКХ-ға Мұрат Байгабуловқа барғанбыз. Сол кезде бұл кісі маған айтты, 1 штук заңсыз берілген үй болса, тауып әкеліп беріңізші. Мен сосын Байгабуловпен басқаша сөйлесемін деді. Сосын мен дәлел таптым. Заңсыз алған адамның ИИН-нін таптым, қай көпқабатты үй, нешінші пәтер екенін, барлығын нақтыладым. Ол бір адам емес, қалғаны бар. Бұл кісі бір штук сұраған соң, біреуін апарып бергенмін ғой. Міне заңсыздық деп, аудан әкімінің қабылдауында 18 сәуір күні бердім. 40 күннен бері шырылдап жүріп жауап та алдым. Мен «А» деген сұрақ қойсам, бұл кісілер «Б» деген жауап берген. Біріншіден неге олар заңсыз алады? Байгабуловтың пәтерді заңсыз беретін қандай құқығы бар»,— деп сұрақты облыс әкіміне сұрақты төтесінен қойды.

Өкінішке орай, бейнероликте қоғам белсендісінің бұл сұрағына өңір басшысының жауап берген сәті көрсетілмеген. Біз де Дархан Амангелдіұлының жауабын аса беріліп іздей қоймадық. Себебі, ол былтыр-ақ бұл мәселеге қанық болған. Соңы сиырқұйымшықталып кеткен проблемада Сатыбалдының сөзі маңызды ма? Бүгінге дейін сұрақтың түйіні тарқамағанын ескерсек, аудан әкімі үшін облыс әкімінің сөзі де маңызға ие болмай қалғандай.

Ал Рабиғаның «А» деген сұрағына аудан әкімдігінің «Б» деп жауап беруі де түсінікті жағдай. Әдетте әкімдіктегілер қандай жағдайда түлкібұлаңға салатынын, өздеріңіз де білесіздер. Оны тәптіштеп жазып жатудың да қажеті шамалы.

Қызығы сол, Рабиға айтқан «ЖКХ» , яғни тұрғын үй коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы Мұрат Байгабуловтың бұл даудан соң басы салбырап, беті қызарып, қызметтен кеткен жайы жоқ. Керісінше Арман Абдуллаев оның қызметін өсіріп, аудан әкімінің орынбасары лауазымына тағайындады.

Сыбайлыастықтың иісі мүңкіп тұрған сияқты ма?

 

 

 

 

 

 

 

Бірінші болып пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру

Сіздің эл.почтаңыз сайтқа ашық жарияланатын болмайды.


*