Түлкібас ауданында 2023-жылы негізгі капиталға тартылған инвестиция көлемі 20 миллиард теңгені құрап, жоспар 3,5 миллиардқа орындалмай қалған. Бұл туралы Түркістан облысының әкімі Дархан Амангелдіұлы мәлімдеді.
Өңір басшысының айтуынша, бұл көрсеткішке тікелей аудан әкімі Нұржан Ізтілеуов жауапты екен. Сондықтан, оның бұл олқылығына тәртіптік шара көруі бек мүмкін. Ал салаға жауапты орынбасарлары жылы орнынан жылжып жатса таңқалмаңыз. Өйткені, оларға қатаң ескерту жасалды.
«Ауылшаруашылығы өнімінің көлемі биылға 67,4 миллиард теңгеге жоспарланған. Алайда, 5 айда 17 миллиардты ғана құраған. Яғни, жарты жылда жоспардың 25 пайызы ғана орындалған. Егерде бұл бағытта белсенді түрде кіріспесе, жыл соңына дейін меже орындалмайды. Салаға жауапты орынбасарлардың құлағына алтын сырға. Жыл соңында жоспар орындалмаса, орындарыңыздан босатуға ұсыныс беремін»,- деді Дархан Сатыбалды.
Расында Нұржан Жақсылықұлының ауылшаруашылығы саласына жауапты орынбасары биылдан қалмай қызметінен кететін секілді. Ағымдағы жылы ауылшаруашылығының негізгі капиталына тартылуы қажет инвестиция да жоспарға сай орындалмай отыр екен. Жыл соңына дейін 9 миллиард теңге тарту қажет болса, бүгінгі күнге адам естісе күлетін сомма, яғни 260 миллион теңге ғана тартылыпты. Бұл бағытта жұмыс мүлде жоқ десе де болады.
Ал тамақ өнімдерінің негізгі капиталына 1,6 миллиард теңге тарту жоспарланып, нақты 32 миллион теңгеге ғана орындалған. Дархан Сатыбалдының тілімен айтсақ, бұл көрсеткіш бойынша да жұмыс нөл!
Түлкібастықтар биыл құрылысты да қатырмаған. Осы жылдың 5 айында пайдалануға берілген тұрғын үйлер 5,4 мың шаршы метрді құрап, жоспар 1,3 мың шаршы метрге кем орындалыпты. Аудан әкімі Нұржан Ізтілеуов, Дархан Амангелдіұлын салынып жатқан тұрғын үйлердің басына апарып, жоспарды жыл соңына дейін орындайтынын айтқан көрінеді. Бірақ, бұл әрекетімен салаға жауапты орынбасарының басына үйілген қара бұлтты сейілте қоймады.
Сонымен қатар, Түлкібастың әлеуметтік-криминогендік жағдайы да оңып тұрған жоқ. Ол жайлы келесі материалда жазатын боламыз.
Пікір қалдыру