ТО: ЖЕТСАЙ АУДАНЫ ӘКІМІ АБАЙ АУЫЛЫ ТҰРҒЫНДАРЫНА ЕСЕП БЕРДІ

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын жүзеге асыра отырып билік пен бұқара арасындағы байланыстың ашықтығын нығайту, халықпен тығыз байланыс орнатып, өзекті мәселелерді дер кезінде шешу мақсатындағы тұрғындармен есептік кездесуімді бекітілген кестеге сәйкес Абай ауылдық округінен бастадым.
Аталмыш басқосуға аудандық мәслихат төрағасы мен депутаттар, құқық қорғау органдар мен қоғамдық ұйымдардың басшылары, бөлімдер мен салық, білім, денсаулық сақтау салаларының басшылары қатысты.
Кездесуде тұрғындарды жыл басынан бері ауданда атқарылған жұмыстардың барысымен таныстырып, алдағы жоспарлардан құлағдар еттім. Жыл басындағы жиындарда округ тұрғындары көтерген 7 мәселенің орындалуына тоқталдым.
Айтылған өтініштер бойынша Жүзімдік елді мекенінің ауыз су мұнарасын ауыстырылып, аталмыш елді мекенде орналасқан аллея ішінен балалар ойын алаңшасын салу мәселесі бойынша жергілікті бюджеттен 6,6 млн теңге қаржы бөлініп, мемлекеттік сатып алу жұмыстарының жүргізіліп жатқанын айттым. Ал, спорт алаңшасын салу үшін бос жер телімінің анықталып жатқанын, №55 «Жеңістің 50 жылдығы» мектебінің ескі ғимаратының орнынан 200 орындық жаңа мектеп ғимаратын салу, Алтын кемер ауылын газдандыруға қаржы бөлу, Алтын кемер ауылына кіре беріс жолды орта жөндеуден өткізу мәселелері бойынша да тиісті жұмыстардың жүргізіліп жатқанына жеткіздім.
Сонымен қатар, биылғы жылы Абай ауылдық округіндегі ішкі жолдардың сапасын жақсарту мақсатында жергілікті бюджеттен 237 млн теңге бөлініп, жалпы ұзындығы 6,6 шақырымды құрайтын Халықтар достығы елді мекенінің Достық, Бейбітшілік елді мекенінің Ғ.Мүсірепов, Отан елді мекенінің Ә.Молдағұлова, М.Шоқай, Жүзімдік елді мекенінің Уммаев көшелеріне орташа жөндеу жүргізілетін болады. Халықтар достығы елді мекенін табиғи газбен қамтамасыз ету үшін бөлінген 490 млн теңгеге «RemStroi» ЖШС мердігер мекемесі тиісті құрылыс жұмыстарын бастаған.
Атқарылған және атқарылар істердің жоспарлары бойынша өз ұсыныс-пікірлерін білдірген тұрғындардың сұрақтарына жауап беріп, кездесуден соң азаматтарға жеке мәселелері бойынша қабылдау өткіздім.
Есептік кездесуден соң тұрғындардың айтқан өтініштері бойынша спорт зал салуға ұсынылып отырған жер мен жүргізіліп жатқан газдандыру жұмыстарының барысымен таныстым. Мердігер мекеме басшыларымен кездесіп, жұмыстарды мүмкіндігінше тездетіп аяқтауды, сапасына назар аударуды тапсырды.

Бірінші болып пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру

Сіздің эл.почтаңыз сайтқа ашық жарияланатын болмайды.


*