Өздеріңіз білетіндей, Түркістан қаласын туристік қалаға айналдыру бағытында қазіргі таңда бірқатар жұмыстар іске асырылуда. 2023 жылы Әзірбайжанда өткен «Шамахи – Түркі әлемінің туризм астанасы 2023» іс-шарасының жабылу рәсімінде Түркістан қаласына Түркі әлемінің 2024 жылғы туризм астанасы атағы берілді.
Бұл шешім түркітілдес елдердің туризм бағытындағы қарым-қатынасын нығайтуға айрықша серпін береді. Ағымдағы жылы аталған іс-шараның ашылуы өткізіліп, жыл соңына қарай жабылу салтанатын өткізу жоспарланып отыр. Түркістан қаласының туристік әлеуетін арттыру мақсатында Түркістан қаласын Түркі әлемінің 2024 жылғы туризм астанасы атануына байланысты жоғары деңгейдегі 25 іс-шараның жоспары түзілді. Оның ішінде халықаралық – 9, республикалық – 7, облыстық деңгейдегі 9 іс-шара өткізілуде.
Бұдан бөлек, «Kazakh Tourism» және облыстық мәдениет және туризм басқармасымен бірлесе отырып 30-дан астам іс-шара өткізу жоспарланып отыр.
Ағымдағы жылдың 30 қаңтар күні Түркістан қаласы әкімдігі мен «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейі, Халықаралық туризм және меймандостық университетімен туризм саласын дамыту мақсатында 2024 жылға арналған іс-шаралар жоспары бекітіліп, «Түркістан – Түркі әлемінің 2024 жылғы туризм астанасы» аясында өзара қарым-қатынас және ынтымақтастықты арттыру мақсатында 3 жақты меморандумға қол қойылды.
Туристерге сапалы қызмет көрсету, туризм саласындағы мамандардың біліктілігін арттыру мақсатында ағымдағы жылы ақпан айында Халықаралық туризм және меймандостық университетімен бірлесе отырып, гид-экскурсоводтарға арналған оқу курсы ұйымдастырылды. Оқу курсы лекциядан және туристік нысандарға бару арқылы практикалық түрде өткізілді. Аталған курстың нәтижесінде 60 маман қайта даярлау курсынан аяқтады.
Пікір қалдыру