«ДАЛА ҚЫРАНДАРЫ» КҮРЕС ДОДАСЫНЫҢ ЖЕҢІМПАЗДАРЫ АНЫҚТАЛДЫ

Облыс орталығында қазақ күресінен «Дала қырандары» жарысы өтті. Елішілік жарыста Шымкент, Астана, Алматы қалаларымен қатар, Жамбыл, Қызылорда, Ақтөбе, Қарағанды облысы, Солтүстік және Батыс Қазақстан облыстарынан жиналған 100-ге жуық спортшы бақ сынады.

Олар 6 салмақ дәрежесінде (60 келі, 66 келі, 72 келі, 78 келі, 84 келі, 90 келі, 90+) жүлделі орындарды сарапқа салды.

«Керуен сарай» кешенінің «Шоу Арена» стадионында өткен жарыстың ашылуына қала әкімі, қалалық мәслихат төрағасы Ғаппар Сәрсенбаев пен «Qazaq kuresi» ассоциациясының бас директоры Дамир Бекбосынов қатысты.

Өз алғы сөзінде шаһар басшысы қазақ күресінің ұлттық құндылығымызды дәріптейтін бірегей спорт түрі екенін айтып, осы сынды республикалық жарыстардың жүйелі өткізілетінін жеткізді.

Келесі болып Ғаппар Амантайұлы құттықтау сөз алып, спортшыларға сәттілік тіледі.

Жарыс нәтижесі бойынша командалық есепте 1-ші орын — Қызылорда облысына, 2-ші орын — Шымкент қаласына, 3-ші орын — Түркістан облысына, 3-ші орын Жамбыл облысына бұйырды.

Орайы келгенде, Түркістанның спортына қатысты бірқатар жағымды ақпараттарды назарларыңызға жеткізе кетуді жөн санап отырмыз.

Сонымен, түркістандық спорт клубының шахматшылары тағы да жеңісімен қуантты. Түркістан қалалық Балалар мен жасөспірімдер спорт клубының жас шахматшылары Әсия Асылхан мен Нұрислам Сұлтанхан кезекті жарыстан жеңіспен оралды.

Шахматтан Алматы қаласында өткен Азия чемпионатында жас саңлақтар жүлделі орындарды иеленді. Атап айтқанда, Әсия қызымыз шахматтың классика түрінен 1-ші, блицтен 2-ші орын алса, Нұрислам блиц түрінен жүлделі үшінші орынды алып қуантты.

Айта кетейік, Алматыда шахматтан өткен XXVI Азия чемпионатына Қытай, Үндістан, Ресей, Иран сынды 33 елден 650 спортшы қатысты. Онда 7-18 жас аралығындағы спортшылар шахматтың рапид, блиц, классика түрінен жарысты.

Бұдан бөлек Түркістанда халықаралық нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы күрес күніне орай жүгіру марафоны өтті. Іс-шарада салауатты өмір салтын ұстанатын 400-ден астам тұрғынның басын қосты.

Қатысушылар қаланың басты көшесімен 4 шақырымды жүгіріп өтті. Марафон «Жібек жолы» саябағынан басталып, «Түркістан-Арена» стадионына дейін жалғасты.

Жарыс ұйымдастырушылары жастарды салауатты өмір салтына шақыру басты мақсат еткен жарыс жүйелі өткізілетінін жеткізді.

Жарыс қорытындысына сәйкес, жеңімпаздарға арнайы сыйлықтар берілді.

Сонымен қатар түркістандық БЖМОФМ футболдан жасөспірімдер арасында өткен Қазақстан Республикасы чемпионатында күміс жүлдеге ие болды.

Алматы облысы Қонаев қаласында өткен бәйгеде 14 жастағы жасөспірімдер жарысқан болатын.

Топтық кезеңде түркістандық өрендер Қостанай, Талдықорған, Шымкент және Петропавл командаларын айқын басымдықпен озып, жартылай финалда жамбылдықтарды 0:2 ұпаймен жеңді.

Ал мәре сәті финалда Алматы облысы құрамасымен түсіп, тартысты ойын көрсетіп жүлделі екінші орынға жайғасты.

Одан бөлек, чемпионатта команданың екі ойыншысы, атап айтқанда, Әмірәлі Бектөре – «Үздік жартылай қорғаушы», Аман Рахман «Үздік шабуылшы» атанды.

Елішілік жарыста жарқын жеңісімен қуантқан командаға қала әкімінің орынбасары Мекенхан Қырықбаев шаһар басшысының құттықтауын жеткізіп, арнайы алғыс хатын табыстады. Ізгі тілегін айтып, жеңіс тіледі.

Бірінші болып пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру

Сіздің эл.почтаңыз сайтқа ашық жарияланатын болмайды.


*