Жетісай ауданының әкімі Серік Үсенұлы Мамытовтың Ш.Ділдәбеков ауылдық округі тұрғындарымен өткен кезекті кездесуінде аудан мен ауылдық округте жасалып жатқан жұмыстардың барысы, алдағы жоспарлары сөз болды.
Аталмыш есептік кездесуге Жетісай аудандық мәслихатының төрағасы Медет Қасымов пен аудандық қоғамдық кеңес төрағасы Бақыт Жаңбырбаев, дербес бөлімдер мен құқық қорғау, білім, денсаулық сақтау салаларының басшылары, жергілікті тұрғындар қатысты.
Осы жылдың І жарты жылдығында округ тұрғындарымен өткен кездесуде көтерілген 4 мәселенің 2-і толығымен орындалған, яғни, Сырабад елді мекеніндегі Шырайлы, Айбын, Думан, Ырысты, Керемет, Нұр, Жаңақұрылыс, Абат, Көрікті және Алмалы секілді жалпы ұзындығы 7,2 шақырымды құрайтын 10 көшеге бөлінген 238 млн теңгеге орташа жөндеу жұмыстары жүргізілсе, Сайлау елді мекеніндегі ретсіз орналасқан электр бағаналары «ОңтүстікЖарықТранзит» мекемесі тарапынан ретке келтірілген.
Сонымен қатар, Байдала елді мекенінің ішкі көшелерін жөндеу, Қызылтаң елді мекенінен мектеп салу бойынша тиісті жұмыстардың жүргізіліп жатқанын айтқан аудан басшысы жердің мелиоративтік жағдайын жақсарту мақсатында 36 тік дренжадарды қалпына келтіру жұмыстары басталғанын, Күрішті елді мекенін биылғы жылы табиғи газға қосу үшін құрылыс-монтаж жүргізуге 94,5 млн теңге бөлініп, мемлекеттік сатып алу рәсімдері өтіп жатқанын жеткізді.
Одан бөлек биылғы жылы аудандағы 29 елді мекенді көгілдір отынға қосу үшін 8,3 млрд теңге бөлініп, 11 нысанды жыл соңына тапсыру жоспарланып отыр. 18 елді мекен 2025 жылға өтпелі.
Ағымдағы жылға елді мекендердегі жаңадан түскен көшелерді сапалы электр қуатымен қамтамасыз ету мақсатында 2 нысанға 1,1 млрд теңге қаржы қарастырылып, 1 нысан пайдалануға берілсе, элeктр жeлiлерiн салу және КТП орнату мақсатында Ж.Ералиев ауылдық округіндегі 8 елді мекенге, Абай ауылдық округіндегі 5 елді мекенге жобалау-сметалық құжаттамалар әзірленіп, қаржыландыру үшін тиісті басқармаға ұсынылған.
Ауданда атқарылып жатқан жұмыстарға жеке-жеке тоқталған Серік Үсенұлы кездесу соңында тұрғындардың ұсыныс-пікірлерін тыңдады, сұрақтарына жауап берді. Айтылған мәселелер хаттамаға енгізіліп, жауапты сала басшыларына тиісті тапсырмалар берді.
Биылғы жылдың 7 айында ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуының жалпы өңірлік өнім көлемі 44,6 млрд теңгеге жетіп, жан басына шаққандағы жалпы өндірілген өнім 238,5 мың теңгені, өнеркәсіп өнімінің көлемі 9,3 млрд теңгені, өңдеу өнеркәсібінде өнім көлемі 6,9 млрд теңгені, негізгі капиталға бағытталған инвестиция 15,4 млрд теңгені құраған.
Пікір қалдыру