РЕФЕРЕНДУМ — БҮКІЛХАЛЫҚТЫҚ НАУҚАН

Референдум арқылы мемлекеттік және қоғамдық өмір мәселелерін шешуді халыққа ұсыну тікелей демократияның нысаны болып табылады. Саяси құқықтар мен бостандықтар жүйесінде азаматтардың референдумға қатысу құқықтары ерекше орын алады. Сондықтан, азаматтардың референдумға қатысуы тек дауыс беру ғана емес, бұл азаматтық жауапкершіліктің көрінісі және өздері мен болашақ ұрпақ үшін өмірді жақсартуға деген ұмтылысы деп есептеймін.
Баршамыға белгілі, мемлекет басшысы жуырдағы халыққа арнаған Жолдауында елімізде атом электр станциясын салу мәселесі жалпыұлттық референдум арқылы шешілетінін атап өткен болатын. Осыған байланысты, ағымдағы жылы өтетін Республикалық референдумға «Сіз Қазақстанда атом электр станциясын салуға келісесіз бе?» деген сауал шығарылып отыр. Бұл мәселеге қатысты «Қолдаймын» немесе «Қарсымын» пікірін білдіру, әр азаматтың таңдау жасау құқына берілген. Сондықтан, еліміздің заңнамалық құжаттарында дауыс беруге құқығы бар азаматтардың құқықтары жан-жақты қарастырылған, мол мүмкіндіктер жасалған.
Мәселен, әртүрлі жағдайлармен азаматтардың тұрғылықты жері бойынша тізімге енгізілген референдум учаскесінің аумағынан тыс жерлерге кететін жағдайлар да көп кедесіп тұрады. Осыған байланысты, дауыс беру күні азаматтың болатын жеріндегі учаскеде дауыс беру құқығы да заңда қарастырылған. Ол үшін 2024 жылғы 5 қазан күні сағат он сегізге дейін тұрғылықты жері бойынша тізімге енгізілген референдум учаскесінен есептен шығару куәлігін алу керек.
Болатын жері бойынша референдум учаскесіне дауыс беру құқығын беретін есептен шығару куәлігімен келген азаматты дауыс берушілер тізімнің соңындағы келесі реттік нөмірмен енгізеді. Тізімде азаматтың тиісті деректерімен қоса, тұрғылықты жері бойынша тізімге енгізілген дауыс беруге арналған учаскенің нөмірі, есептен шығару куәлігінің сериялық бес таңбалы нөмірі жазылады.
Әрине, есептен шығару куәлігі бір елді мекеннің аумағындағы басқа референдум учаскелерінде дауыс беруге қатысқысы келетін дауыс берушілерге берілмейді.
Сонымен бірге, денсаулығына, отбасының науқас мүшесін күтіп-бағуға байланысты немесе учаске құрылмаған шалғай аудандар да болуына байланысты, дауыс беру үшін учаскеге бара алмайтын жағдайлар да кездеседі. Бұл жағдайда азаматтардың болатын жерінде дауыс беруін ұйымдастыруға мүмкіндіктер қарастырылған. Ол үшін азамат дауыс беру күнi сағат он екiден кешiктiрмей учаскелік референдум комиссиясына өтініш жазуы керек.
Азаматтардың болатын жерінде дауыс беру – дауыс беру күні сағат 12-ден кейін өткізіледі. Азаматтардың болатын жері бойынша өткізілетін дауыс беруді комиссияның екі мүшесі ұйымдастырып, оған тасымалданатын жәшіктер пайдаланылады.
Әрине, референдумда мүгедектігі бар дауыс берушілердің де құқықтары жан-жақты қарастырылған. Учаскелер пандустармен, тактильді жолдармен жабдықталып, мүгедектігі бар азаматтарға арналған дауыс беру кабиналары, құлақаспаптар, ұлғайтқыштармен, қосымша жарықтандырумен қамтамасыз етіледі. Саңырау сайлаушылардың едәуір бөлігі дауыс беруге қатысады деп болжанатын учаскелерде қажеттілігіне қарай жергілікті атқарушы органдардың, қоғамдық бірлестіктердің көмегімен сурдоаудармашылар қызмет жасайтын болады.
Ағымдағы жылы 6 қазанда өтетін жалпыұлттық референдумда көтерілген мәселені қолдайсыз ба, әлде қарсы пікір білдіресіз бе, бұл сіздің таңдауыңыз. Бірақ референдумға қатысып таңдау жасау, бұл ел алдында тұрған әрбір азаматтың парызы.

Бірінші болып пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру

Сіздің эл.почтаңыз сайтқа ашық жарияланатын болмайды.


*