ШЫМКЕНТТЕ БЕС ЖҰЛДЫЗДЫ ҚОНАҚ ҮЙ САЛЫНАДЫ

Жаңа заманауи қонақ үйлердің пайда болуы қалаларды тартымды етіп, туризмнің дамуына айрықша серпін береді.
 Бүгін Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков әйгілі «Hilton» халықаралық желісінің қонақ үйінің құрылысы аумағында капсула салу рәсіміне қатысты. Шымкен сити шағынауданында бой көтерген бес жұлдызды қонақ үйді 2026 жылы ашу жоспарлануда.
 Мегаполис басшысы қонақ үй кешенінің жобасымен танысып, оның құрылысын бастауды тапсырды.
 «Мұндай нысандар туристік әлеуетті дамытуда ғана емес, қаланың инвестициялық тартымдылығын арттыруда да маңызды. «Hilton» — әлемге әйгілі бренд. Болашақта қонақ үй қаламызды толықтырып, туристер мен барлық қонақтар үшін тартымды етеді», — деді Г.Сыздықбеков.
 Қонақ үйде 167 бөлме, ballroom, мейрамханалар, фитнес-орталық және бірнеше конференц-зал бар. Құрылыстың арқасында 200-ге жуық жаңа жұмыс орны ашылады.
 Сонымен қатар, қала әкімі ұлттық стильде салынған «Qazaq Hotel» қонақ үйіне барды. Жобаны іске асыру нәтижесінде 30 жұмыс орны құрылды. Жаңа қонақ үйде 64 заманауи және жайлы бөлмелер бар. Қонақтардың жайлылығы үшін қосымша қызметтер – мейрамхана, SPA-салон, конференц-зал және автотұрақ қарастырылған.

Айта кетейік, жуырда Шымшаһардың көркін арттырып, тұрғындар мен қонақтарға заманауи талапқа сай жайлы жағдай жасау мақсатында теміржол вокзалының ғимараты қайта жаңартылғаны айтылды. 10 жылға жоспарланған инвестиция қаражаты бір жыл ішінде қарастырылып, былтыр 10 маусымда басталған жұмыстар 2024 жылдың 10 мамырында толық аяқталды. Сенімгерлік басқаруға нысанды беру арқылы қайта жаңғырту жұмыстары тиімді жүзеге асқан. Мұнда тәулігіне 27 бағыт бойынша пойыздардың қызметі ұйымдастырылған.

1968 жылы салынған ескі вокзалдың жалпы ғимарат алаңы — 1 770,2 шаршы метр, ал өткізу қабілеті тәулігіне 2 мың жолаушы еді. Қайта жаңғырту жұмыстарынан кейін теміржол вокзалының аумағы 2 249,33 шаршы метрге ұлғайып, өткізу қабілеті тәулігіне 6 мың адамға дейін артты. Сондай-ақ жолаушыларды күту залының аумағы 898,3 шаршы метрден 1 982,3 шаршы метрге дейін кеңейтілді.
Жобада ғимараттың екінші кіреберісі, жолаушыларға жайлы қызмет көрсететін заманауи талапқа сай 2 күту залы және екінші қабатта фудкорт қарастырылды. Вокзал ғимаратының қасбеті мегаполистің сәулеттік келбетіне сай жабдықталып, шыны витражды жүйелерден және металл кассеталардан жасалды.

Суреттер: Шымкент қаласы Өңірлік коммуникация қызметі

Бірінші болып пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру

Сіздің эл.почтаңыз сайтқа ашық жарияланатын болмайды.


*