Спорт – мемлекеттің мәртебесін, ұлттың намысын айқындайтын, халықтың жанкүйерлік рухын көтеретін көрсеткіш. Сондықтан еліміз спортты дамытуға айрықшы көңіл бөлуде. Мәселен, он тоғыз жылдан бері елімізде спорт күні белгіленіп атап өтілуде. Бұл күні еліміздің түкпір-түкпірінде әр сала бойынша спорттық жарыстар өткізіліп, халықты салауатты өмір салтына тарту мақсатында түрлі шаралар өткізіледі.
Жалпы спорт саласы елімізде кең қолдауға ие. Саланың дамуына, бұқаралық спорт қозғалысын арттыруға, спорттағы жетістіктерді ынталандыруға бағытталған көптеген шаралар ұйымдастырылуда. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнаған жолдауында бұқаралық спортты дамытуға тапсырма берген болатын. Ал, бұқаралық спорттың жағдайы мен дамуы қажетті спорттық инфрақұрылымның болуына байланысты екені белгілі.
Осы орайда Түркістан қаласында заманауи үлгідегі спорт нысандары салынып жатыр.
Бұқаралық спорт пен жоғары жетістіктер спортын дамыту бағытында облыс басшысының бастамасымен бірнеше жаңа спорт орталықтары бой көтерген.
Спорт саласына үлкен көңіл бөлетін облыс әкімі қаладағы жаңа спорт нысандардың құрылыс алаңдарын аралады. Жауапты сала басшыларымен кездесіп, жұмыстың сапасына баса назар аударуды тапсырды.
Түркістанда салынып жатқан барлық ғимараттар қаланың көркі ғана емес, тарихи келбеті мен болмысын сақтай отырып, заманауи архитектураның озық жетістіктерін пайдалануда. Ғалымдар мен кәсіби мамандардың пікірі ескеріліп, тарихи келбетін жоғалтпауға басымдық берілуде.
Түркістан тарихында тұңғыш рет қысқы спортпен кәсіби түрде айналысуға мүмкіндік жасалады. Спорт – адам өмірінің ажырамас бөлшегі екенін жиі айтатын өңір басшысының тапсырмасымен Түркістанда «Мұз сарайы» салынды. Әлемдік стандарттарға сай мұз айдыны 1200 адамға есептелген. Мұз сарайының жалпы жер аумағы 2 гектарға жуық. Ғимарат құрылысының көлемі – 4160,9 шаршы метр. Бұл ғимаратта қысқы спорт түрлері дамытылып, үйірмелер ашылады.
35 гектар жерде орналасқан ат спорты кешенінде поло-клуб, манеж, стендтік атысқа арналған алаңқай, садақ атуға арналған алаң, канал арқылы өтетін көпір мен атпен серуендеу аймағы болады.
20 гектар жерде орналасқан «TURAN» футбол академиясы ашылды. Мұнда спортшыларға Еуропаның үздік клубтарындағыдай жағдай жасалған. Жаңа кешенде үлкен және шағын 10 футбол алаңы бар. Сондай-ақ нысанда допинг-бақылау кабинеттері, 300 орынды қонақүй, спортшыларға арналған монша, 3 мейрамхана, мәжіліс залдары бар. Сауықтыру орнында медициналық, массаж кабинеттері мен жеке блоктар бар.
Пікір қалдыру