ШЫМКЕНТ: ТҰРҒЫНДАР ӘКІМНЕН АУЛАСЫН АБАТТАНДЫРЫП БЕРУДІ СҰРАДЫ

Шымкенттегі Тәуке хан мен Байтұрсынов көшелерінің қиылысында «Гарант» сауда үйінің маңында құрылыс нысандары көбейген. Бұл туралы қала әкімі Ғабит Сыздықбековтың Әл-Фараби ауданы тұрғындарымен кездесуі барысын мәлім болды.

Тәке хан көшесі 7 үйдің тұрғындары аядай ғана аулаларында кәсіпкерлік нысандары көптеп бой көтере бастағанын айтып шағымданды. Салдарынан балалар ойнайтын аула тарылып, у-шу көбейген.

«Біріншіден «Гарант» сауда үйінің жұмысын реттеп берсеңіздер. Таңнан қара кешке дейін абыр-сабыр, у-шу болып жүрген адамдар. Ешбірі жұмыс уақытына қарап жүрген жоқ. Ондағы барлық магазиднер қалай болса солай жұмыс жүргізіп отыр. Қалаған уақытында ашылып, жабылады. Жаз айларында мүлде жабылмай істей береді. Ауламыздың ішінде құрылыс нысандары көбейген. Сізді біздің аулаға келіп, өз көзіңізбен көріп қайтуға шақырамыз. Мәселен, жуырда ауламыздағы екі гаражды біреулер сатып алып, комерциялық нысан салып жатыр. Тура тар ауламыздың ішінде. Соны өзіңіз келіп көріп, заңды-заңсыздығын анықтап берсеңіз. Егер заңсыз нысандар болса, бұзып орнына абаттандыру жұмыстарын жүргізулеріңізді сұраймыз. Бұрын ауламыздан көкмайсаның иісі аңқитын. Қазір темекі, насыбай мен қоқыстың иісінен жиіркенесің»,— деп шағымданды 7 үйдің тұрғыны Майра Бектенова.

Қала әкімі Ғабит Сыздықбеков, жағдайдан хабардар екен. Онда әрбір метр жердің сатылып кеткенін тексеріп көрген болып шықты.

«Сізбен келісемін. Орталықтағы жерлердің әр бұрышы сатылып кеткен. Адамның ақылына сыймайды. Өкінішке қарай, барлығының құжаты бар. Ал сіз айтқан гараждардың құрылысы бойынша жауапты мамандарды жіберіп тексеріп көрейік. Дегенмен, ашығын айтайын аулаңызда тұрған кәсіпкерлік нысандарын бұзу қиын болады. Құжаттары дұрыс болған соң, заң солардың тарапында»,- деп қайырды сөзін әкім.

Сондай-ақ, тұрғындар «Гарант» сауда үйі маңында ұялы телефон сататын кәсіпкерлердің кәсібінің заңдылығын тексеруді сұрады. Айтуларынша, ол жерге қаланың түкпір-түкпірінен адамдар келіп жұмыс істейді екен. Яғни, көрінген көк аттының бәрі сонда жүрген көрінеді. Сондықтан олардың барлығының кәсібі заңды екенінен тұрғындар күмәнмен қарайды.

Кездесу барысында Иляев көшесінің тұрғындары да сол маңдағы  дәмханаларының жұмысына шағымданды. Айтуларынша, аталмыш тамақтану орындары пайда болғалы бір емес, бірнеше рет өрт шығып атырабындағы ағаштарға зақым келген. Ал тұрғындар түтінен уланып қала жаздапты.

«Түнгі беймезгілге дейін жұмыс істейтін мейрамханалардағы айқай-шудан ұйықтау мүмкін емес. Осылардың кесірінен кәріз жүйесі де тез толып қалады. Көпқабатты үйлеріміздің жертөлесі ылғалдан сасып кеткен.Газ жүйесі техникалық қауіпсіздік талаптарына сай салынбаған. Құдай сақтасын, егер жарылатын болса, үйдің жартысын бұзады. Біз бұл дәмханалардың құрылысы заңға сай салынғанына көз жеткізу үшін арнайы тексеру тағайындауыызды сұраймыз. Себебі, біздіңше бұл жерде заңбұзушылық көп. Мәселен, көпқабатты тұрғын үйге тым жақын орналасқан бұл мейрамхана газды мүлде қолданбауы керек. Тек электр қуатын қолдануы тиіс деп ойлаймыз»,— дейді Иляев көшесі тұрғындары.

Ғабит Әбдімажитұлы аталмыш мейрамханалардың бірнеше жылдан бері істеп тұрғанын айтады. Және де олардың жұмысы заңды екеніне күмән келтірген жоқ.

«Бұл мейрамханалар мен қалаға әкім болып келгенге дейін-ақ істеп тұрған. Мұндағы кәсіпкерлер салықтарын төлеп отыр. Біз текесереміз, бірақ олардың да құқықтары бар. Мұнымен недегім келіп тұр? Мейрамхана қожайындары сіздермен кездесіп, түсіндіріп, ортақ шешімге келу қажет. Сіздер айтқандай келеңсіздіктері болса, қалпына келтіргені дұрыс»,- деп жауап қатты қала әкімі.

 

 

 

Бірінші болып пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру

Сіздің эл.почтаңыз сайтқа ашық жарияланатын болмайды.


*