Адамның денсаулығы мен жаннының саулығы үшін аянбай тер төгетін ақ халатты абзал жандар да тазалыққа жаны құштар болатыны белгілі. Мемлекет басшысының тапсырмасымен қаламыздағы бірқатар әлеуметтік нысандардың аула аумағы абаттандырылып жатыр. Солардың бірі, Шымкент қалалық №1 клиникалық ауруханасының ауласына абаттандыру жұмыстары жүргізіліп, келушілерге ыңғайлы жағдай жасау үшін толықтай жарықтандырылды.
Дертіне дауа, еміне шипа іздеп келетін тұрғындарға барынша жағдай жасау мақсатында келушілер жүргінші жолы ерекше жарық болып, қауіпсіздікті мейілінше сейілтті.
Ауруханада күрделі жөндеу жұмыстары кезең-кезеңімен жүруде. Қазіргі таңда А, А1, Б, Б1, К корпустарында жөндеу жұмыстары аяқталды. Қалалық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Нұрлыбек Асылбеков жөндеу жұмыстар барысын көріп, корпустарды аралап шықты.
Адам өмірін ұзартуға септігін тигізіп, ажалдан арашалаушы дәрігерлер де өз нысан аумағын қураған шөптер мен бей-берекет өскен ағаш бұталарын қысқартты.
Жалпы ауруханаға қарасты аумақтың 9500 шаршы метрі асфальтталды. Ауруханаға келушілер үшін шатырмен қоршалған және жаяу жүргіншілер жолының жиегіне орындықтар орнатылды. Сондай-ақ 51 дана қоқыс урналары және 14 дана қоқыс контейнері қойылып, 1824 тонна қоқыс шығарылды.
Бұл Шымкент қаласының әлеуметтік нысандарының барлығы дерлік абаттандырылып, қоршаған ортаның әдемілене түсуінің бастамасы. Шымкент миллион тұрғыны бар алып шаһара айналды. Тұрғын саны көп болған сайын барлық салада қажеттіліктердің де саны артатыны белгі. Тұрғындар отырып дем алатын орындықтар мен қоқыс тастайтын жәшіктердің өзі нысан ауласының сәнін келтіріп тұрады. Сондай-ақ, тегіс аяқ жолдар мен сырланған белгілер де әдеміліктің белгісі. Сондықтан да Шымкент қалалық №1 клиникалық ауруханасы қыс түспей, ауласын абаттандырып, келушілер мен емделушілерге ыңғайлы жағдай жасап қойды.
Қалалық клиникалық аурухананың аумағын толық жарықтандыру үшін 10 жарықдиодты прожектор орнатылды, аумақты жарықтандыруға арналған 60 энергия үнемдейтін шам ауыстырылды.
-Әрине ең бірінші біздің денсаулыққа әсер ететін ол таза ауа, экология. Сондықтан жалғыз ем науқасқа ем болмайды, егер қоршаған ауамыз таза болмаса. Сондықтан бұл өте маңызды экологиямыздың таза болуы. Науқасымызға ол да өте үлкен оң нәтиже береді,- дейді аурухананың бас дәрігері Қалибаев Қайрат.
Шымкент қаласындағы үлкен ауруханалардың бірі саналатын мекемеде жөндеу жұмыстары толығымен аяқталды. Соңғы үлідегі құрал -жабдықтар мен құрылғылар да кезеңімен орнатылып жатыр.
Айта кетейік, №1 қалалық клиникалық ауруханасы жедел медициналық көмек көрсететін қаладағы жетекші ауруханалардың бірі. Медициналық ұйым хирургиялық, травматологиялық, урологиялық, нейрохирургиялық, гинекологиялық, неврологиялық және терапевтік профильдер бойынша тәулік бойы мамандандырылған және жоғары мамандандырылған көмек көрсететін көп бейінді аурухана болып табылады.
Пікір қалдыру