Сұлулық салонында қасын боятқан жетісайлық әйел өлім құша жаздады

Жетісай қаласындағы сұлулық салондарының бірінде қасын боятқан келіншек өлім құша жаздады — деп хабарлайды «Күнгей.kz» ақпарат агенттігі.

25-наурыз күні сағат 17:00 шамасында Жетісай қаласындағы сауда орталықтарының бірінде орналасқан сұлулық салонында қасын боятқан Құралай Өтегенова есімді азаматша, өзін нашар сезініп ауруханаға түскен.

“Менің қасымды Айдана есімді мастерге істеттім. Басында бәрі жақсы болды. Үйге келген соң қызуым көтеріліп, бет-ауызым ісіне бастады. Болмаған соң қасымды боятқан келіншекке қоңырау шалып мән-жайды айттым. “Ондай-ондай болады, әпше” деген Айдана нақты ештеңе айтпады”,- дейді Құралай Өтегенова.

Алғашында жәбірленуші, «мүмкін алғашында осылай болып, кейін басылар»- деп ойлап, шыдауға әрекет жасап көреді. Қасының боялған жерлері қышып, ақыр соңында болмай, жағдайы мүлдем нашарлай бастаған соң жедел жәрдем шақырып, ауруханаға түседі.

Орын алған жағдайға байланысты сұлулық салонынындағы қас бояушымен сөйлесіп көрмек болғанымызбен нақты ештеңе айтпады. Өзі кәсіп етіп отырған салаға арнайы рұқсат қағазы (сертификат, диплом, лицензия) бар-жоғын да көрсетпеді.

Ал, жәбірленуші бүгінде Жетісай аудандық ауруханасының терапия бөлімінде ем қабылдап жатыр екен.
Құралай Өтегенова «ауруханадан шыққан соң дәрігерлердің тиісті қорытындыларын алып, қас бояушының үстінен құзырлы органдарға арызданамын»- деп отыр.

Бірінші болып пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру

Сіздің эл.почтаңыз сайтқа ашық жарияланатын болмайды.


*