ШАРДАРАДА АҚЫЛДЫ АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫН ДАМЫТУҒА БАҒЫТТАЛҒАН СЕМИНАР ӨТТІ

Шардара ауданының ауыл шаруашылығы саласында цифрлық технологияларды енгізу бағытында ауқымды жұмыстар атқарылуда. Соның айғағы ретінде Көксу ауылдық округіндегі «Темірқазық» шаруа қожалығының егістік алқабында ұйымдастырылған семинар-кеңесті атауға болады. Семинарда «Аватар» ауыл шаруашылығы технологиясы» компаниясы күріш егу ісіне дрондарды қолдану әдісін таныстырып, ауыл шаруашылығы саласындағы озық цифрлық шешімдермен бөлісті.

Іс-шараға аудан әкімінің орынбасары Жомарт Бердешов, аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің мамандары, ауыл округі әкімдігінің өкілдері және жергілікті шаруа қожалықтарының басшылары қатысты. Жиын барысында аудан бойынша күріш, мақта және басқа дақылдарды егуге байланысты атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде ақпарат берілді. Биылғы жылы Шардара ауданында ауыл шаруашылығы алқаптарында 2600 гектарға жуық күріш, 8000 гектарға дейін мақта егілетіні жоспарланған. Сонымен қатар, тамшылатып суару әдісі қолданылатын егіс көлемі де артып келеді.

Семинар барысында «Аватар» компаниясының өкілдері ауыл шаруашылығына арналған заманауи дрондар мен смарт технологияларды таныстырды. Компанияның айтуынша, олар Түркістан қаласында дрондар мен агроавтопилот жүйелерін өндіретін зауыт салуға инвестиция құйып жатыр. Маусым айында алғашқы ауыл шаруашылығы дроны шығарылады деп күтілуде.

AD580 моделімен таныстыру барысында дронның бір реттік 70 литр пестицид шашу мүмкіндігі, сағатына 30 гектар жерді өңдей алуы және екі оператордың көмегімен басқарылатыны атап өтілді. Бұл техника қолмен еңбекпен салыстырғанда 40–80 есе тиімді, ал су үнемдеуі – 90%-ға дейін жетеді. Сонымен қатар, дрондар сатып алушыларға толық оқыту курсы ұсынылады, ал маусымаралық үзілістер кезінде зауыттық техникалық қызмет көрсетіледі. Кез келген төтенше жағдайда жедел көмек көрсетуге дайын мобильді операторлар тобы да құрылған.

Шардара ауданы үшін мұндай технологиялар аса маңызды. Өңірде ауыл шаруашылығы – негізгі экономикалық драйверлердің бірі. Ауданның жер қоры негізінен егістік және жайылымдық бағытта қолданылады. Суармалы жерлердің артуы, заманауи техниканы енгізу арқылы өнім көлемі мен сапасын арттыру – басты мақсаттардың бірі.

Жиын соңында шаруалар өз ұсыныстарын білдіріп, күріш пен мақта шаруашылығын дамыту, өнімділік пен тиімділікті арттыруға қатысты сұрақтарына нақты жауаптар алды. Ұйымдастырушылар алдағы уақытта да осындай семинарлар жалғасып, агросекторда тәжірибе алмасу алаңына айналатынын жеткізді.

Бірінші болып пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру

Сіздің эл.почтаңыз сайтқа ашық жарияланатын болмайды.


*