
2025 жылдың көктемінде Қазақстанның барлық ірі қалаларында бастау алған «Халық заңгері» жалпы республикалық акциясы халықтың құқықтық сауаттылығын арттыру және тегін заң көмегін қолжетімді ету мақсатында ұйымдастырылып отыр. Бұл — құқықтық мемлекеттің дамуына бағытталған ауқымды және жүйелі шаралардың бірі.
Шымкент қаласында аталған акция Арбат демалыс аймағында өткізілуде. Оны қала әкімдігі, Экономикалық тергеп-тексеру департаменті және Әділет департаменті бірлесіп ұйымдастырған. Аталған іс-шараға 60-тан астам білікті маман тартылып, тұрғындарға тегін құқықтық кеңес беруде. Олардың қатарында адвокаттар, нотариустар, мемлекеттік кірістер, әділет, прокуратура, полиция, сот орындау қызметі, сондай-ақ кәсіпкерлік және тұрғын үй-коммуналдық салаларынан мамандар бар.
Акция аясында әрбір азамат өзіне қажетті құқықтық кеңес ала алады. Тұрғындар тарапынан қойылған сұрақтар әртүрлі. Мәселен, көпшілігі мемлекеттен берілетін әлеуметтік көмек, кәсіпкерлікке арналған гранттар мен жеңілдетілген несиелер, зейнетақы мен жәрдемақы, тұрғын үй және жер қатынастары бойынша кеңес сұрауда. Бұл бағытта халыққа түсінікті тілмен кеңес беріп, нақты алгоритмдер ұсынылуда.
Шымкент қаласының кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының бас маманы Фатима Сариева тұрғындардың белсенділігіне ерекше тоқталып:
– Мемлекет тарапынан көрсетіліп отырған қолдау құралдарын пайдалана отырып, өз ісін бастауға ниетті азаматтар өте көп. Біз оларға грант алудың жолдарын, талаптарын түсіндіріп, құжаттар тізімін ұсынудамыз. Құқықтық сауатты азамат – табысты кәсіпкердің негізі, – деді.
Шараның негізгі мақсаты – халықты құқықтық тұрғыда қолдау, азаматтардың заң алдындағы қорғаныс сезімін арттыру, мемлекеттік институттар мен халық арасындағы өзара сенімді нығайту. Бұл өз кезегінде әлеуметтік тұрақтылықты қамтамасыз етіп, қоғамдағы заң үстемдігін қалыптастыруға үлес қосады.
Құқықтық көмекке жүгінгендердің қатарында жас кәсіпкерлер, зейнеткерлер, студенттер, көп балалы аналар мен мүгедектігі бар азаматтар болды. Олар өздеріне қатысты тұрғын үй, әлеуметтік көмек, алимент өндірісі, еңбек құқығы, тұтынушылар құқығын қорғау секілді түрлі мәселелерге қатысты кәсіби жауап алды.
«Халық заңгері» акциясы алғаш рет 2016 жылы бастау алған болатын. Содан бері ел көлемінде тұрақты түрде өткізіліп келеді. 2016-2024 жылдар аралығында акцияға 10 000-нан астам үздік заң сарапшылары, мемлекеттік мекемелердің шешім қабылдай алатын жетекші өкілдері қатысып, 300 000-нан астам азаматқа құқықтық кеңес берілген. Бұл – азаматтардың құқықтық сауаттылығының артуына, заңды белсенділіктің көтерілуіне тікелей ықпал еткен көрсеткіш.
Азаматтар үшін тегін заң көмегінің қолжетімділігі – құқықтық мемлекет құру жолындағы маңызды басымдықтардың бірі. Сондықтан осындай ашық форматтағы құқықтық іс-шаралар бұқара мен билік арасындағы байланысты нығайтып, қоғамда заң үстемдігін орнатуға бағытталады.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай акциялар алдағы уақытта еліміздің басқа да өңірлерінде жалғасады. Шара барысында жиналған сұрақтар мен мәселелердің негізінде мемлекеттік органдарға тиісті ұсыныстар жолданып, жүйелі шешімдер қабылданатын болады.
Пікір қалдыру