ЗАҢ МЕН ТӘРТІП – ТҰРАҚТЫ ҚОҒАМНЫҢ НЕГІЗІ

Қоғам тұрақтылығы мен өркендеуінің негізгі тірегі – заң мен тәртіп. Бұл ұғымдар әрбір азаматтың күнделікті өмірінде ерекше орын алуы тиіс. Заңды сақтау – тек қорқыныштан емес, саналы таңдау ретінде орындалуы қажет. Ал тәртіп – адамның ішкі мәдениеті мен жауапкершілігінің көрінісі. Сондықтан заң мен тәртіпке бағыну – азаматтық ұстанымның, парасат пен пайымның, елге деген құрметтің айқын белгісі.

Заң үстемдігі бар жерде әділет орнап, қоғамда сенім артады. Қай елде болмасын, халықтың бейбіт өмірі мен әлеуметтік тұрақтылығы құқықтық тәртіппен тікелей байланысты. Заң – қоғамдағы әрбір адамның құқығы мен бостандығын қорғаудың кепілі. Ол – әлсізге қорған, күштіге шектеу. Ал тәртіп – соның іске асуы үшін қажет ортақ мінез-құлық нормасы.

Шымкент қаласының тұрғындары бұл қағидатты терең түсініп, өз өмірлерінде ұстануға тырысып келеді. Олардың пікірінше, заң – әділдік пен қауіпсіздіктің тұғыры, ал тәртіп – өзіңе де, өзгеге де құрмет көрсету. Бұл бағыттағы көзқарасты нақтылау мақсатында қала тұрғындары арасында арнайы блиц-сауалнама жүргізілді. Респонденттерден «Заң мен тәртіпті қалай түсінесіз?», «Сіз өзіңіз оны сақтайсыз ба?», «Оны қамтамасыз ету кімнің міндеті?» деген сұрақтар қойылды.

Тұрғындардың басым көпшілігі заң мен тәртіпті сақтау – баршаға ортақ міндет екенін атап өтті. Қоғамдық орындарда тәртіп сақтау, жолда жүру ережесін бұзбау, тазалықты сақтау сияқты қарапайым әрекеттердің өзі қоғамға деген құрметтің көрінісі ретінде бағаланды. Сондай-ақ, бұл ұстаным отбасынан бастау алуы тиіс деген пікірлер айтылды. Баланың бойында құқықтық сана мен тәртіпке бағынуды қалыптастыру – ертеңгі ел болашағына салынған берік іргетас.

Сауалнама нәтижесінде көптеген азаматтар заң мен тәртіп – тек құқық қорғау органдарының міндеті емес екенін айтты. Бұл – бүкіл қоғамның ортақ жауапкершілігі. Егер әрбір адам өз ісіне адал болса, заңды құрметтесе және тәртіпті ұстанса, қоғамда әділетсіздік, жемқорлық, құқық бұзушылық азаяры сөзсіз.

Заң үстемдігін қамтамасыз ету үшін құқық қорғау органдарының да кәсіби деңгейі мен халықпен байланысы маңызды. Ашықтық, әділдік және тиімді жұмыс қоғамда сенімді нығайтады. Дегенмен, құқықтық мәдениеттің негізі тек заңмен емес, адамның ішкі санасымен нығаяды. Бұл ретте білім беру орындарында құқықтық тәрбиенің сапасы, БАҚ-та заң тақырыбының кеңінен қозғалуына ерекше көңіл бөлу қажет.

Шымкент – сан түрлі мәдениет пен ұлттың тоғысқан, бейбіт өмір сүрудің үлгісін көрсетіп отырған ірі мегаполис. Мұнда жастары белсенді, үлкендері өнегелі. Осындай ортада заң мен тәртіпке бағынып өмір сүретін қоғам ғана алға ілгерілей алады. Бұл – тек бір қаланың емес, бүкіл елдің дамуына тікелей әсер ететін фактор.

Заң мен тәртіп – жай ұран емес. Бұл – бейбіт, тұрақты, әділетті және берекелі өмірдің бастауы. Оны сақтау әр азаматтың парызы ғана емес, ел алдындағы басты борышы. Тәртіпке бас иген ел ешқашан тозбайды.

Бірінші болып пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру

Сіздің эл.почтаңыз сайтқа ашық жарияланатын болмайды.


*