ТУРИЗМ САЛАСЫН ДАМЫТУ – ӨҢІР ЭКОНОМИКАСЫНЫҢ ҚОЗҒАУШЫ КҮШІ

Түркістан облысы туризм саласын дамытуда жаңа кезеңге қадам басуда. Облыс әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасов Қытай Халық Республикасындағы жұмыс сапары аясында Ханчжоу қаласында орналасқан World Tourism Alliance (WTA) – Халықаралық туризм альянсының басшылығымен ресми кездесу өткізді. Бұл кездесу Түркістанның халықаралық деңгейде танылуына және шетелдік нарыққа шығуына жол ашатын маңызды қадамдардың бірі болды.

Кездесу барысында тараптар Түркістан өңірінің бай тарихи-мәдени мұрасы, табиғи ресурстары мен туристік бағыттары туралы жан-жақты пікір алмасып, халықаралық туристік серіктестікті нығайтудың нақты тетіктерін қарастырды. Түркістан облысының Туризм басқармасы WTA ұйымына мүшелікке кіру туралы ресми өтінім тапсырды. Альянс басшылығы бұл ұсынысты құптап, Түркістанды 2025 жылдың күзіне қарай ұйым құрамына қабылдауға дайын екенін білдірді.

2017 жылы құрылған World Tourism Alliance – коммерциялық емес халықаралық ұйым. Оның штаб-пәтері Ханчжоу қаласында орналасқан. Қазіргі таңда бұл альянс әлемнің 40-тан астам елінен 150-ден астам ұйыммен тығыз байланыс орнатқан. Олардың қатарында ұлттық туризм басқармалары, туристік агенттіктер, трансұлттық корпорациялар, зерттеу орталықтары мен халықаралық БАҚ өкілдері бар.

WTA-ға мүшелік – Түркістан облысы үшін үлкен мүмкіндік. Бұл қадам өңірдің халықаралық форумдар мен көрмелерге қатысуына, үздік әлемдік тәжірибелерді меңгеруіне және жаһандық туризм трендтеріне сай стратегия қалыптастыруына негіз болады. Сонымен қатар WTA платформасында Түркістанның тарихи-мәдени ескерткіштерін, киелі орындарын кең көлемде насихаттау, туристік бағыттар мен инвестициялық жобаларды таныстыру мүмкіндігі туады.

Түркістан қаласы – қазақ елінің рухани астанасы. Қожа Ахмет Ясауи кесенесі мен басқа да тарихи-мәдени мұраларымен танымал бұл өңір жыл сайын мыңдаған туристі қабылдайды. Облыс әкімдігі туризмді дамытуды өңірдің әлеуметтік-экономикалық өсімінің негізгі қозғаушы күштерінің бірі ретінде қарастырып отыр.

Облыста туристік инфрақұрылым жүйелі түрде дамып келеді: жаңа қонақүйлер, демалыс аймақтары, визит-орталықтар салынып, көлік және логистикалық байланыстар жолға қойылуда. Жергілікті халықты туризм саласында кәсіпкерлікке тарту, сервистік қызмет көрсету сапасын арттыру да басты назарда.

Зұлпыхар Жолдасов WTA ұйымының өкілдеріне Түркістан облысында халықаралық делегацияларды қабылдауға дайын екенін жеткізді. Бұл – тек инвестициялық жобаларды тартуға ғана емес, сонымен қатар халықаралық туризм қауымдастығымен тығыз әріптестік орнатуға жол ашады.

Туризм саласын дамыту – өңір экономикасына мультипликативті әсер етеді. Жаңа жұмыс орындарының ашылуы, шағын және орта бизнестің жандануы, салық түсімдерінің артуы сияқты нақты нәтижелерге қол жеткізуге мүмкіндік бар. Туризм – тек мәдениет пен демалыс саласы емес, ол – экономикалық даму драйвері.

Түркістан облысының халықаралық туризм ұйымдарына мүше болуы, шетелдік туристер мен инвесторлар үшін өңірдің тартымдылығын арттырады. Бұл өз кезегінде әлеуметтік жағдайды жақсартуға, өңірлік брендті қалыптастыруға және әлемдік туризм картасында Түркістанның лайықты орнын алуға сеп болады.

 Түркістан облысының WTA құрамына енуге бағытталған қадамы – өңірдің туризм саласындағы стратегиясының жаңа белесі. Бұл бастама өңірдің жаһандық аренадағы беделін арттырып, экономикалық өсімге серпін беретін нақты жолдардың бірі болмақ.

Бірінші болып пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру

Сіздің эл.почтаңыз сайтқа ашық жарияланатын болмайды.


*