Шардара ауданындағы Алатау батыр ауылы ең тұрғын саны көп елді мекен болып саналады. Ауылда ғұмыр кешетін он мыңға жуық халық негізінен ауылшаруашылығы жұмыстарымен шұғылданады. Өткен жылы осы елді мекенде «Шебер» мүгедектер қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен тігін фабрикасы ашылған еді.
Омар Бақтыгерей есімді кәсіпкер азамат 500 млн теңгеге тігін фабрикасын ашып, 130 адамды жұмыспен қамтыған болатын. Кәсіпорынға Өзбекстаннан арнайы мамандар келіп, ауыл азаматтарына аяқ киім, киім тігу, тоқыма саласы технологияларының қыр-сырын жан-жақты үйретіп берді. Біліктілігін арттырған қызметкерлер содан бергі уақытта мемлекеттік тапсырыс арқылы 60 мың дана қыстық киім, 144 мың дана арнайы жаздық киім, 72 мың пар аяқ киім шығарып үлгерді.
Талаптанып жасаған әрекет қашанда нәтижелі болары сөзсіз. Аз уақыттың ішінде шаруасын дөңгелетіп әкеткен кәсіпорынның өнімдеріне сұраныс та арта түсті. Ендігі мезетте тігін фабрикасының жұмыс аумағын мұнан да кеңейте түсу қажеттігі туындады. Осы орайда аудан әкімі Арман Қарсыбаевтың қолдауымен Шардара қаласынан бос тұрған ғимаратты күрделі жөндеуден өткізіп, іскер кәсіпкердің пайдалануына берді. Кешегі сәуір айында «Aqniet Holding» ЖШС-іне қарасты «Шебер» қоғамдық бірлестігінің тігін фабрикасы Шардара қаласында да ашылып, өз жұмысын бастады. Ауданға жасаған ресми сапарында облыс әкімі Дархан Сатыбалды кәсіпорынға ат басын бұрып, жақсы бастамаға сәттілік тіледі.
Аудан орталығында жұмысын бастаған кәсіпорында аяқ киіммен қатар түрлі жихаздар да өндіріледі. Жоба құны 625 млн теңгені құраған фабрикада 50 адам тұрақты жұмыспен қамтылып отыр.
Аудан тұрғындары бүгін ашылып, ертең жабылып қалатын кейбір зауыттардай емес, қарқынды түрде жұмыс бастаған кәсіпорынның келешегіне зор үмітпен қарайтынын айтып өткіміз келеді.
Пікір қалдыру