ТҮРКІСТАНДА ИНТЕРНЕТ-АЛАЯҚТЫҚПЕН КҮРЕС КҮШЕЙТІЛУДЕ: ТҰРҒЫНДАРДЫҢ ЦИФРЛЫҚ САУАТТЫЛЫҒЫ АРТАДЫ

Түркістан облысында интернет-алаяқтықпен күрес жаңа деңгейге көтерілді. Облыс Полиция департаментінің бастамасымен, Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасы өңір тұрғындарының киберқауіпсіздік мәдениетін арттыруға бағытталған кешенді шаралар ұйымдастыруда.

Соңғы өткізілген кездесулердің бірі – Төтенше жағдайлар департаментінің 150 қызметкеріне арналған ақпараттық жиын. Бұл шараның басты мақсаты – интернет-алаяқтықтың түрлерін түсіндіру, жеке деректерді қорғау жолдарын үйрету және алаяқтық әрекеттерден сақтануға көмектесу болды.

Кездесу барысында тәртіп сақшылары интернет-алаяқтардың жиі қолданатын амалдарына тоқталды:

  • банктік шоттарға рұқсатсыз қол жеткізу,

  • фишингтік сайттар мен жалған инвестициялық платформалар,

  • әлеуметтік желілер арқылы жасалатын алдау әрекеттері.

Алаяқтар көбіне өздерін банк қызметкері, құқық қорғау органы өкілі немесе интернет-дүкен менеджері ретінде таныстырып, азаматтарды шатастырып, жеке деректерін немесе ақша қаражатын алуға тырысады.

Полицейлер қатысушыларға мынадай кеңестер берді:

  • Жеке деректерді, банк картасының мәліметтерін бөгде адамдарға бермеңіз;

  • Бейтаныс сілтемелерге кірмеңіз және танымсыз тұлғалармен қаржылық операциялар жасамаңыз;

  • Қоңырау шалып, деректер сұраған жағдайда әңгімені тоқтатып, ресми нөмірлер арқылы тексеру жүргізіңіз.

Интернет-алаяқтық — тек Түркістанда емес, бүкіл елімізде белең алып отырған өзекті мәселе.

  • 2024 жылы Қазақстанда интернет алаяқтық бойынша 17 мыңнан астам қылмыс тіркеліп, жалпы шығын көлемі 28,7 млрд теңгеге жеткен.

  • Түркістан облысының өзінде өткен жылы 454 дерек тіркеліп, оның 196-сы сотқа жолданған.

  • 2025 жылдың алғашқы 4 айында облыста 235 интернет алаяқтық дерегі тіркеліп, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 2,5 есеге артқан.

  • Тиісінше, 113 қылмыстық іс сотқа жіберіліп, 3 ұйымдасқан қылмыстық топтың жолы кесілген. Келтірілген 269 млн теңгеден астам шығын қайтарылған.

Бұл деректер интернет арқылы жасалатын қылмыстардың жылдан-жылға күрделеніп, кең таралып бара жатқанын көрсетеді.

Түркістан облыстық ПД-нің бастамасымен жүзеге асырылып жатқан шаралар ауқымды сипатқа ие:

  • Аудандар мен қалаларда ақпараттық кездесулер ұйымдастырылуда;

  • 2200 дана брошюра, 3000 дана жаднама, 1000 данадан астам жапсырма таратылып, LED экрандарда бейнероликтер көрсетілуде;

  • Мобильді автокөліктер арқылы халық көп шоғырланған орындарда түсіндіру жұмыстары жүргізілуде;

  • Халықаралық тәжірибеге негізделген әлеуметтік желілерде хабарландырулар мен бейнематериалдар жарияланып келеді.

Мұндай кешенді профилактикалық жұмыс тек құқық қорғау органдарының ғана емес, әр азаматтың қауіпсіздігі үшін аса маңызды.

Интернет-алаяқтықпен күрес — бүгінгі күннің маңызды бағытына айналды. Түркістан облысында бұл бағытта қолға алынған жүйелі профилактикалық шаралар өз нәтижесін беріп келеді. Цифрлық сауаттылықты арттыру арқылы қоғам мүшелерінің өз қауіпсіздігіне деген жауапкершілігі күшейеді. Бұл – тек полицияның ғана емес, әрбір азаматтың міндеті.

Бірінші болып пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру

Сіздің эл.почтаңыз сайтқа ашық жарияланатын болмайды.


*