ШЫМКЕНТТЕ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ДЕҢГЕЙДЕГІ СПОРТТЫҚ ЖАРЫС БАСТАЛДЫ

Шымкент қаласында спорт әлемі үшін маңызды оқиға – ауқымды халықаралық ату чемпионатының шымылдығы түрілді. Чемпионаттың салтанатты ашылу рәсіміне еліміздің бірқатар жоғары лауазымды тұлғалары қатысты. Олардың қатарында Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков, Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры әрі Қазақстан спорттық ату федерациясының президенті Берік Асылов, ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, сондай-ақ ҚР Туризм және спорт министрлігі Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің төрағасы Руслан Есеналин бар.

Іс-шараның ашылуында сөз сөйлеген қала басшысы чемпионатқа жиналған спортшыларды, жаттықтырушыларды және меймандарды айтулы дода басталуымен құттықтап, жарыстың сәтті өтуіне күш салған ұйымдастырушыларға алғыс білдірді. Сонымен қатар, спорттың бұл түрін дамытуға үлес қосып жүрген федерация өкілдері мен азаматтардың еңбегін ерекше атап өтті.

Аталған жарыс Шымкент қаласы әкімдігінің қолдауымен өткізілуде. Чемпионат аясында қалаға халықаралық деңгейдегі беделді қонақтар келіп, бұл турнирдің маңыздылығын арттыра түсті. Шараға Халықаралық спорттық ату федерациясының президенті Лучано Росси, Азия ату конфедерациясының жетекшісі шейх Салман Сабах әл-Салем ас-Сабах, сондай-ақ басқа да әлемдік спорт ұйымдарының өкілдері арнайы қатысты. Бұл – жарыстың халықаралық спорт аренасындағы жоғары мәртебесін айқындайды.

Чемпионат 16-30 тамыз аралығында өтеді. Жарыс алаңы ретінде заманауи үлгіде жабдықталған «Shymkent Shooting Plaza» спорт кешені таңдалып алынған. Мұнда 27 елден келген 800-ге жуық мерген спортшы өзара бақ сынайды. Олар тапаншамен, мылтықпен, қозғалмалы нысанаға ату, стендтік ату, трап, скит және скит-микс секілді түрлі жаттығулар бойынша сынға түседі.

Айта кету керек, бұл чемпионатта 700-ден астам медаль сарапқа салынады. Сонымен бірге жарыс нысана көздеу мен стендтік ату сияқты екі олимпиадалық спорт түрін қамтиды. Бұл өз кезегінде аталған спорт түрлерінің әлемдік және ұлттық деңгейде танымалдығы мен маңызын арттыра түсетіні сөзсіз.

Чемпионаттың басты мақсаты – спорттық ату түрлерін кеңінен дәріптеу, осы саладағы спортшылардың шеберлігін жетілдіру және халықаралық аренада олардың рейтингін анықтау. Сонымен қатар, мұндай жарыстар жаттықтырушылар мен төрешілердің кәсіби деңгейін арттыруға ықпал етеді. Мұның бәрі Қазақстанда атқыштар спортын дамытуға серпін беретіні анық.

Бүгінде елімізде бұқаралық және кәсіби спортты қолдауға ерекше мән берілуде. Бұл турнир – спорт саласындағы халықаралық ынтымақтастықты нығайтудың, спортшылар мен мамандар арасындағы тәжірибе алмасудың жарқын үлгісі. Шымкент қаласында өткізіліп отырған мұндай жоғары деңгейдегі чемпионат болашақта Қазақстанның спорттық бәсекелер картасында өз орнын одан әрі айқындай түсетіні анық.

Бірінші болып пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру

Сіздің эл.почтаңыз сайтқа ашық жарияланатын болмайды.


*