«Таза Қазақстан» республикалық акциясы еліміздің барлық аймағында жалғасын тауып, жалпыхалықтық эко-челленджге айналды. Бүгінде бұл шараға ерікті жастар мен белсенді студенттер ғана емес түрлі мекеме қызметкерлері мен ғалымдар да атсалысуда. Басты мақсат – қоршаған ортаны сақтап, экологиялық мәдениетті қалыптастыру.
Сенбілікке қатысушылар ағаштарды ағарту мен шөп шабудан бастап өзен арнасын тазартуға, қураған ағаштарды кесуге және жас ағаштарды отырғызуға дейінгі көптеген жұмыстарды атқарды. Бір күнде 1000 көшет отырғызылды, бұл қаланы көгалдандыруға қосатын маңызды үлес болып табылады.
Шымкент – еліміздегі ірі қалалар сапындағы өрісін кеңге жайған, халқы шағын және орта кәсіпкерліктің көзін тапқан, экономикасы дамыған, бастысы, бүгіннен болашағы жарқын шырайлы шаһарлардың бірі.
Ұйымдастырушылар мұндай акцияның тек тазалыққа ғана емес, халықтың мәдени санасын оятуға да пайдасы зор екенін айтады. Мәселен, тазалық іс-шарасына қатысқан мектеп оқушыларына қоршаған ортаны қорғау керектігін, экологияға зиян келтірмеу – адам өмірін сақтаумен бірдей екені түсіндірілді.
Бір қуантарлығы көктем шыға басталған «Таза Қазақстан» акциясында тек ерікті жастар ғана емес, зиялы қауым өкілдері де, қариялар да қарап жатпай қолдарына күрек, кетпен ұстап, қала ішіндегі көше, саябақ, гүлзар, тағы да басқа орындардың айналасын күл-қоқыстан тазалауға кірісті. Акция жыл бойы жалғасатындықтан әлі де елдің бетке ұстар азаматтары көпке үлгі көрсетіп, еңбектің көрігін қыздыруға әзір екенін айтып жатыр.
Осынау тазалық акциясы аясында бірінші кезекте арық-атыздардың, көше бойындағы ирригациялық жүйелердің іші күл-қоқыстан, түрлі тұрмыстық қалдықтардан тазартылды. Мұның қала экологиясына маңызы ерекше. Өйткені күз-көктемде жаңбыр жауса көше бойындағы суағарлар толып, ол сыртқа ағып, жолаушыларға да, көлікке де ыңғайсыз жағдай тудырады. Ал енді көптеген арық көзі ашылған соң жауынды күнде ирригациялық жүйелерде су толып қалмайды.
Пікір қалдыру