
Мемлекет басшысы бүгінгі халыққа арнаған Жолдауында қоғамдағы маңызды үдерістерге кеңінен тоқталып өтті. Әрбір азамат мемлекетшіл, отаншыл болуы керектігін ерекше атап көрсетті. Бұл қасиет, әсіресе, жастар үшін аса маңызды. Президенттің айтуынша, қазіргі жастардың патриотизмінің басты көрінісі – жасампаздық пен жаңашылдық болып табылады. Қазақстанды дамыған, көркейген мемлекет ретінде көру – әрбір маман мен адал кәсіп иесінің ортақ арманы.
Өскелең ұрпақтағы патриотизм – болашаққа деген шынайы ұмтылыс пен жауапкершілік. Қазіргі уақытта әр азамат жоғары жетістіктерге қол жеткізуге мүмкіндік алды. Ол үшін адал еңбек ету және ұрпақ сабақтастығын сақтау маңызды. Мемлекет басшысы: «Сондықтан ғылым мен білімге ұмтылған, елін-жерін көркейтуді ойлаған жастарға әрдайым жан-жақты қолдау көрсетеміз. Біз қолға алған ауқымды жұмыстардың бәрі жастардың жарқын болашағы үшін жасалып жатыр. Өскелең ұрпақ ертең оның игілігін көріп, еселеп, лайықты жалғастырады», – деді.
Расында да, елімізде азаматтардың жетістікке жетуі үшін барлық жағдай жасалған. Енді тек адал еңбек ету – әр азаматтың басты міндеті. Біз еліміздің абыройын биікке көтеру үшін аянбай еңбек еттік. Әлем чемпионаттары мен Азия ойындарында жүлделі орындарға ие болдық. Қазіргі кезде шәкірт тәрбиелеп, жастардың спортта өз жолын табуына және жоғары жетістіктерге жетуіне ықпал етуде күш салудамыз. Ендігі мақсат – бағындырған биікті жас ұрпаққа сеніп тапсыру.
Бұл – Қазақстанның жарқын болашағының кепілі және ортақ ұмтылысы.
Біржан ЖАҚЫПОВ, ҚР еңбек сіңірген спорт шебері
Пікір қалдыру