РЕСПУБЛИКА КҮНІ: ШЫМКЕНТТЕ МЕРЕКЕЛІК КӨҢІЛ-КҮЙ, БІРЛІК ЖӘНЕ ШЫҒАРМАШЫЛЫҚ РУХ САЛТАНАТ ҚҰРДЫ

Қазақстан Республикасының басты мемлекеттік мерекелерінің бірі – Республика күні қарсаңында үшінші мегаполис Шымкент ерекше мерекелік көңіл-күйге бөленді. Қала тұрғындары мен қонақтары үшін ауқымды мәдени, спорттық және рухани іс-шаралар ұйымдастырылып, мереке нағыз халықтық сипат алды. Шырайлы Шымкент аспанын түрлі түске бояған «Батпырауықтар фестивалі» күннің ең жарқын оқиғасына айналды.

Мерекелік фестивальді қала әкімдігі ұйымдастырды. Шараның негізгі мақсаты – отбасылық демалыс мәдениетін дамыту, жастардың шығармашылық әлеуетін арттыру және ашық аспан астында белсенді өмір салтын насихаттау болды. Қаланың орталық саябақтарында өткен ерекше шара кезінде аспанда сан түрлі пішіндегі және түстердегі батпырауықтар қалықтап, көрермендердің көңілін көтерді. Балалар мен ата-аналар бірге батпырауық ұшырып, шаттық пен қуанышқа толы сәттерді бірге өткізді.

Фестиваль аясында батпырауық ұшыру жарыстары, балаларға арналған шеберлік сабақтары, сабын көпіршіктер шоуы мен түрлі анимациялық қойылымдар ұйымдастырылды. Сонымен қатар, диджейлер мен би топтарының қатысуымен өткен концерттік бағдарлама мерекелік көңіл-күйді арттыра түсті. Белсенді өмір салтын ұстанатын қала тұрғындары үшін веложарыс пен көше биі сайыстары өткізіліп, мото-маусымның салтанатты жабылуы ерекше әсер қалдырды.

«Visit Shymkent» туристік ақпараттық орталығының басшысы Ерлан Омаров фестивальдің маңыздылығын атап өтті:
— Біздің басты мақсатымыз – қала тұрғындарына көтеріңкі көңіл-күй сыйлау және отбасылық демалыс мәдениетін қалыптастыру. Бұл фестиваль тек батпырауықтар шеруі емес, бұл шығармашылық пен белсенділіктің нағыз мерекесі. Қатысушылардың ең үздік шоу-нөмірлері арнайы марапаттарға ие болды. Мұндай қолдау олардың ынтасын арттырып, келесі жылы да белсенді болуға серпін береді, – деді ол.

Батпырауықтармен көмкерілген аспан мен балалар күлкісі Шымкентті шаттыққа бөледі. Бұл күн қаланың туристік тартымдылығын арттырып қана қоймай, тұрғындарға жаңа сергектік пен қуат сыйлады.

Мерекелік іс-шаралар мұнымен шектелмеді. Сол күні «Достық үйінде» Республика күні мен Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығына арналған «Бірлікте – күшіміз!» атты халықтар достығы фестивалі өтті. Грузин этномәдени орталығы ұйымдастырған бұл шарада түрлі этнос өкілдері өз мәдениеттерін таныстырып, көрермендерге ән мен биден шашу шашты.

Ассамблея ғимаратының алдында спорттық жарыстар ұйымдастырылып, армрестлингтен үздіктер анықталды. Қатысушылар салауатты өмір салтын дәріптеп, мерекенің рухын биіктете түсті.

Қаланың саябақтары мен гүлзарларында өткен «Шымқала кештері» атты ашық аспан астындағы концерттік бағдарламалар мерекелік көңілді одан әрі жандандырды. Қалалық өнер ұжымдары мен жас орындаушылар көрермендерге әсерлі ән мен биден тарту жасап, рух пен бірліктің мерекесін жалғастырды.

Бір күнде өткен түрлі бағыттағы іс-шаралар Шымкенттің өмірге, өнерге, бірлік пен шаттыққа толы қала екенін тағы бір мәрте дәлелдеді. Республика күні – ел бірлігі мен татулықтың, бейбіт өмір мен шығармашылық шабыттың нышаны ретінде есте қалды.

Бірінші болып пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру

Сіздің эл.почтаңыз сайтқа ашық жарияланатын болмайды.


*