РЕСПУБЛИКА КҮНІ: ШЫМКЕНТТЕ ТУ КӨТЕРУ САЛТАНАТЫ МЕН ЕГЕМЕНДІККЕ 35 ЖЫЛ ТОЛУ МЕРЕКЕСІ ӨТТІ

25 қазан күні Шымкент қаласында Ұлттық мереке — Республика күні мен Мемлекеттік егемендік туралы Декларацияның қабылданғанына 35 жыл толуына арналған салтанатты іс-шаралар жоғары деңгейде өтті. Бұл күн еліміздің тәуелсіздікке бастаған алғашқы тарихи қадамын еске салып, қазақстандықтардың бойында елдік рух пен отаншылдық сезімін жаңғыртты.

Мерекелік күннің басты оқиғасы қаладағы Шымсити шағын ауданында орналасқан Ту тұғыры алаңында өтті. Мұнда Мемлекеттік Туды көтеру рәсімі ұйымдастырылып, ол ел бірлігінің, тәуелсіздік пен мемлекеттіліктің айшықты нышанына айналды.

Салтанатты рәсім Қазақстан Республикасының Әнұранымен ашылды. Әуезді әнұран шырқалған сәтте көк байрақ қырандай қалықтап, көкке көтерілді. Сол сәтте жиналған жұрт ел тәуелсіздігінің қадірін тағы бір сезініп, жүректерін мақтаныш пен қуаныш сезімі кернеді.

Іс-шараға Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков, қаланың зиялы қауым өкілдері, мәслихат депутаттары, ардагерлер, мемлекеттік қызметкерлер, құқық қорғау және әскери құрылымдардың қызметкерлері, сондай-ақ еріктілер мен жастар қатысты.

Салтанатты жиында шымкенттік өнерпаздар патриоттық әндер орындап, Мемлекеттік рәміздердің мәртебесін асқақтатты. Көрермендер мен қатысушылар ел рухының биіктігін, ұлттық бірліктің қуатын сезінді.

Шара аясында 300-ден астам жас қолдарына Мемлекеттік Туды алып, қаланың орталық көшелерімен мерекелік шеру жасады. Шеру Бәйдібек би ескерткішінен басталып, Бәйдібек би даңғылы арқылы Алатау батыр көшесіне дейін жалғасып, Ту тұғыры алаңында түйінделді. Бұл көрініс Шымкенттің жастарының елдік сана мен отансүйгіштікке деген сертін айқын көрсетті.

Республика күні – халқымыздың азаттық пен еркіндікке деген мәңгі ұмтылысының символы. 1990 жылы қабылданған Мемлекеттік егемендік туралы Декларация Қазақстанның тәуелсіз мемлекет болуына негіз қалап, ұлттық мемлекеттіліктің бастауы болды. Бүгінгі ұрпақ сол тарихи күннің мәнін терең сезініп, ел тәуелсіздігін қастерлеуді өз борышы санайды.

Мерекелік күннің рухы Тудың көкке көтерілуімен ерекше айшықталды. Бұл сәт елдік намыс пен бірліктің, азат рух пен тәуелсіздік идеясын дәріптеудің нақты көрінісіне айналды.

Айта кетейік, бұған дейін Шымкент қаласындағы «Қызғалдақ» сарайында «Қыран елім – Қазақстаным» атты салтанатты жиын өткен болатын. Ол Республика күні мен Мемлекеттік егемендік туралы Декларацияның 35 жылдығына арналды.

Жиын барысында қала әкімі Ғабит Сыздықбеков барша шымкенттіктерді Ұлттық мерекемен құттықтап, ел дамуына үлес қосқан азаматтарға мемлекеттік және салалық наградалар табыстады.
«Баршаңызды Ұлттық мерекеміз — Республика күнімен шын жүректен құттықтаймын! Бұл — мемлекетіміздің іргетасы қаланған, тәуелсіз Қазақстанның бағыты айқындалған ұлы мереке. Біз бүгін Мемлекеттік егемендік туралы Декларацияның 35 жылдығын атап өтіп отырмыз. Қазіргі таңда Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бастамасымен елімізде саяси және экономикалық жаңару кезеңі жүріп жатыр», — деді шаһар басшысы өз құттықтауында.

Салтанатты жиында ел игілігіне еңбегі сіңген 40-тан астам азаматтың қажырлы қызметі жоғары бағаланды. Оларға «Парасат», «Құрмет», ІІІ дәрежелі «Еңбек Даңқы» ордендері, сондай-ақ «Ерен еңбегі үшін» және «Шапағат» медальдары табыс етілді.

Шымкенттегі мерекелік шаралар Тудың биікте желбіреуімен ел рухының асқақ символына айналып, қала тұрғындарын бірлік пен тәуелсіздік идеясы төңірегінде біріктірді.

Бірінші болып пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру

Сіздің эл.почтаңыз сайтқа ашық жарияланатын болмайды.


*