ТҮРКІСТАНДА ЖАҢАРҒАН «ПАРАСАТ» САЯБАҒЫ ХАЛЫҚ ИГІЛІГІНЕ БЕРІЛДІ

Түркістан қаласында толық реконструкциядан өткен «Парасат» саябағы көпшілікке есігін айқара ашты. Салтанатты шара қала тұрғындары мен қонақтарының қатысуымен мерекелік көңіл-күйде өтті. Жаңарған демалыс орнының ашылу рәсіміне арнайы қатысқан Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров көпшілікті қуанышты сәтпен құттықтап, жылы лебізін білдірді.

– Ең алдымен баршаңызды келе жатқан Республика күнімен шын жүректен құттықтаймын! Еліміздің ең ұлық мерекесі қарсаңында Түркістан қаласында тағы бір қуанышты оқиғаның куәсі болып отырмыз. Биыл Мемлекет басшысының бастамасымен Түркістан қаласының ерекше мәртебесі туралы заң қабылданды. Осы заң аясында шаһарға көрсетілетін қолдау күшейтіліп, оның туристік және әлеуметтік әлеуеті артып келеді. Соның нақты дәлелі – бүгін есігін айқара ашқан «Парасат» саябағы. Қайта жаңғырту жұмыстары 2023 жылы басталып, бүгінде толық аяқталып, тұрғындар игілігіне беріліп отыр. Бұл демалыс орны қала келбетіне көрік қосып, халыққа жайлы орта қалыптастыратынына сенім мол. Жаңарған саябақ барша түркістандықтарға қуаныш пен сергектік сыйласын! – деді облыс әкімі.

Салтанатты шара барысында Нұралхан Оралбайұлы саябақ аумағын аралап, жаңа инфрақұрылыммен танысты. Ол футбол алаңшасында жас спортшылармен кездесіп, жасөспірімдерге доптар табыстады. Әкім өңірде бұқаралық спортты дамыту мен балалардың белсенді демалысын қолдаудың маңыздылығын атап өтті.

«Парасат» саябағын қайта жаңғырту жұмыстарын Түркістан қаласы әкімдігінің құрылыс бөлімі тапсырысы бойынша «Өнім» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүзеге асырды. Жалпы аумағы 14 гектарды қамтитын бұл нысан түркістандықтардың сүйікті демалыс орнына айналмақ. Саябақта тұрғындардың қауіпсіз әрі жайлы демалысын қамтамасыз етуге бағытталған барлық жағдай жасалған.

Жобаның аясында 2 мыңнан астам ағаш пен сәндік бұта отырғызылды. Заманауи жарық шамдары, 100-ден астам орындық, жаяу жүргіншілер мен велосипед жолақтары, сондай-ақ балалар мен ересектерге арналған ойын және спорт алаңдары салынды. Жалпы 7 мың шаршы метр аумаққа асфальт төселіп, абаттандыру жұмыстары толық аяқталды.

Саябақта тұрғындар мен қонақтардың белсенді демалысы үшін футбол, баскетбол және теннис алаңдары, балаларға арналған ойын кешендері, жазғы сахна, демалыс аймақтары мен серуен жолдары қарастырылған. Кешкі уақытта саябақ аймағы жарық шамдардың әсем түстерімен безендіріліп, қала тұрғындары үшін ерекше атмосфера қалыптастырады.

Түркістан қаласы соңғы жылдары қарқынды дамып, жаңа мәдени және әлеуметтік нысандармен толығып келеді. «Парасат» саябағы – сол даму үдерісінің айқын көрінісі. Жаңартылған демалыс орны қала тұрғындарының бос уақытын тиімді өткізуіне, балалар мен жастардың спортпен айналысуына зор мүмкіндік береді.

Салтанатты шара концерттік бағдарламаға ұласып, түркістандықтар мен қала қонақтарына көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Ән мен күйге толы мерекелік кеште жергілікті өнерпаздар ел мен жерге деген сүйіспеншілікті дәріптейтін әндерді орындап, тұрғындарға қуаныш пен шабыт сыйлады.

Жаңарған «Парасат» саябағы – тек демалыс орны ғана емес, ол қала мәдениетінің, ел бірлігінің және Түркістанның жаңа келбетінің символына айналып отыр. Халық игілігіне берілген бұл нысан өңірдің көркін арттырып, Түркістанның туристік және әлеуметтік өмірінде маңызды орын алатыны сөзсіз.

Бірінші болып пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру

Сіздің эл.почтаңыз сайтқа ашық жарияланатын болмайды.


*