
Жетісай ауданы – Түркістан облысындағы аграрлық әлеуеті жоғары, ауыл шаруашылығы бағытында үлкен тәжірибесі мен жетістіктері бар өңір. 2025 жылдың маусым айында аудан әкімі Серік Үсенұлы Мамытовтың төрағалығымен өткен кезекті аппарат мәжілісінде осы бағыттағы жұмыстар мен болашақ жоспарлар кеңінен талқыланды. Жиында ауданның әлеуметтік-экономикалық даму барысы мен бірнеше бөлімдердің алдағы міндеттері сараланды.
Аграрлы аудан ретінде Жетісайда ауыл шаруашылығын дамытуға ерекше назар аударылуда. Мәжіліс барысында ішкі және сыртқы инвестиция тарту арқылы өндірісті ұлғайту, қайта өңдеу кәсіпорындарын ашу, жаңа жұмыс орындарын құру және су үнемдеу технологияларын енгізу мәселелері күн тәртібінің өзегіне айналды.
Аудандық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлімінің басшысы міндетін уақытша атқарушы Ерқуат Тұрғынбаев өз баяндамасында жазғы ағын су беру маусымына дайындық барысы мен су тапшылығының алдын алу үшін қолға алынған шаралар туралы айтты. Оның айтуынша, қазіргі таңда су үнемдеу технологияларын ендіру – күн тәртібіндегі басты міндеттердің бірі. Бұл технологиялар егіс көлемін сақтай отырып, су шығынын азайтуға, өнімділікті арттыруға сеп болмақ.
Сонымен қатар, зиянкестерге қарсы күрес жұмыстары да назардан тыс қалған жоқ. Өнім сапасын қамтамасыз ету және шығынды болдырмау мақсатында агротехникалық шаралар дер кезінде жүргізіліп келеді. Жетісайдағы мақта, көкөніс және бақша дақылдарына қажетті минералды тыңайтқыштар мен қорғаныс құралдары жеткілікті деңгейде бөлініп, шаруаларға таратылуда.
Мәжілісте сондай-ақ, ауыл шаруашылығымен қатар ауданның қаржы, спорт және экологиялық жағдайы да сөз болды. Аудандық экономика және қаржы бөлімінің орынбасары Ғабит Мелдеханов бюджеттің кірісі мен шығысы бойынша баяндама жасап, қаржылық жоспардың орындалуы жөнінде мәлімет берді. Бұл мәліметтер алдағы ауыл шаруашылық жобаларын қаржыландыруға негіз болмақ.
Ал мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Еркебұлан Сейдалиев бұқаралық спортты дамыту арқылы салауатты өмір салтын қалыптастыру бағытындағы жұмыстармен таныстырды. Спорт саласындағы жетістіктер де ауылдық жерлердегі белсенді өмір салты мен әлеуметтік тұрақтылықтың айнасы болып отыр.
Жиын барысында қала, кент, ауылдық округтердің санитарлық тазалығы, инфрақұрылымдық мәселелер мен көгалдандыру жұмыстары да көтерілді. Бұл мәселелер ауыл өмірінің сапасын арттырып, тұрғындардың әлеуметтік жағдайына оң әсер ететіні сөзсіз.
Мәжілісті қорытындылаған аудан әкімі Серік Мамытов ауыл шаруашылығы саласын дамыту – ауданның басты экономикалық тірегі екенін атап өтті. Ол осы бағыттағы жұмыстарды жүйелі жүргізіп, кездескен кемшіліктерді шұғыл түрде жоюды және әр бөлімге нақты тапсырмалар жүктеп, орындалуын қатаң бақылауға алатынын жеткізді.
Жетісай ауданында ауыл шаруашылығы тек дәстүрлі сала емес, болашағы зор экономикалық бағыт. Мемлекеттік қолдау мен жүйелі жоспарлау нәтижесінде аудан агросекторы алдағы жылдары жаңа белестерді бағындырып, ел экономикасына зор үлес қосары сөзсіз.
Пікір қалдыру