
Мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдаулардың нәтижесінде елімізде шағын және орта бизнесті дамыту бағытында оң өзгерістер орын алуда. Бұл үдеріс Түркістан облысында да айқын байқалуда. Өңірде кәсіпкерлікпен айналысатын азаматтар саны жыл сайын артып, ауыл шаруашылығы, туризм, өндіріс және қызмет көрсету салаларында жаңа жобалар жүзеге асып жатыр. Түркістан облысы – аграрлық салада үлкен әлеуетке ие өңір. Мұнда кәсіп ашып, өз ісін дамытуға ниетті тұрғындар үшін қолайлы жағдайлар жасалған. Бұл ретте мемлекеттік гранттар мен жеңілдетілген несиелердің беріліп, оқыту курстарының ұйымдастырылуы – үлкен демеу.
Осы мүмкіндіктерді тиімді пайдаланған азаматтардың бірі – Сарыағаш ауданының тұрғыны, көпбалалы ана Гүлдана Ақбердиева. Ол 2024 жылы мемлекеттік бағдарлама аясында қайтарымсыз грантқа ие болып, өз кәсібін бастауға мүмкіндік алды. Алынған қаражатқа жас кәсіпкер 1000 бас бөдене мен қажетті құрал-жабдықтарды сатып алып, үй жағдайында бөдене шаруашылығын қолға алды. Қазіргі таңда ол айына 2500-3000 дана бөдене жұмыртқасын және 200-250 келі құс етін өндіріп отыр. Бұл өнімдер экологиялық жағынан таза әрі тұтынушылар арасында үлкен сұранысқа ие.
Гүлдана Ақбердиева секілді кәсіпкерлердің табысты жұмысы өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына оң ықпал етуде. Бір жағынан, тұрғындар таза, сапалы өнімге қол жеткізсе, екінші жағынан, жаңа жұмыс орындары құрылып, жергілікті халықтың тұрмыс деңгейі көтерілуіне мүмкіндік туады. Бөдене шаруашылығы – көп қаржыны талап етпейтін, алайда тұрақты табыс көзі бола алатын тиімді бағыттардың бірі. Бұл саланың дамуы отандық азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге де үлес қосады.
Түркістан облысында ауылдық жерлерде тұратын азаматтарды кәсіпкерлікке тарту жұмыстары белсенді түрде жүргізілуде. Кәсіп ашқысы келетіндерге арналған «Бастау Бизнес» жобасы, аграрлық несие ұйымдары арқылы берілетін жеңілдетілген несиелер, қайтарымсыз гранттар – бұның барлығы өңір экономикасының дамуына бағытталған нақты қадамдар. Осы шаралар арқылы облыс халқының еңбекке деген ынтасы оянып, ел экономикасына үлес қосуға деген қызығушылығы артуда.
Мемлекеттік қолдаулардың арқасында өз кәсібін бастаған Гүлдана Ақбердиева бүгінде табысты кәсіпкер ғана емес, өзге әйелдерге, әсіресе аналарға үлгі бола білді. Ол алдағы уақытта шаруашылығын кеңейтіп, бөдене етінен дайын өнімдер шығаруды, сондай-ақ өз тәжірибесімен бөлісіп, өзгелерге де кәсіп бастауға көмектесуді жоспарлап отыр.
Жалпы алғанда, Түркістан облысында жеке кәсіпкерлік пен ауыл шаруашылығын дамыту өңірдің экономикалық тұрақтылығын қамтамасыз ететін негізгі күштердің біріне айналып отыр. Осындай табысты мысалдар ел дамуының нақты көрсеткіші екенін дәлелдейді.
Пікір қалдыру