
Қазіргі таңда еліміздің агроөнеркәсіптік кешенінің алдында тұрған басты міндеттердің бірі – су ресурстарын тиімді пайдалану және өнімділікті арттыру. Әсіресе жаһандық жылыну, жауын-шашын мөлшерінің азаюы, судың тапшылығы мен ысырапшылдық жағдайында бұл мәселе ерекше маңызға ие. Осыған орай, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, Жетісай ауданында ауыл шаруашылығы саласында су үнемдеу технологияларын енгізу жұмыстары жүйелі түрде жүргізілуде.
Жетісай – Түркістан облысының аграрлы әлеуеті жоғары аудандарының бірі. Ауданда суармалы егіншілікпен айналысатын мыңдаған шаруашылық бар. Бірақ соңғы жылдары өңірде ағын су тапшылығы жиі байқалып отыр. Осыған байланысты, аудан басшылығы тамшылатып суғару әдісін кеңінен енгізуді басты міндет ретінде қарастыруда. Бұл әдіс суды үнемдеп қана қоймай, егіс алқаптарының өнімділігін де айтарлықтай арттырады.
Жетісай ауданының әкімі Серік Үсенұлы Мамытов су үнемдеу технологияларын енгізу барысымен танысып, егіс алқаптарында болып, жергілікті шаруалармен кездесіп, олардың пікірін тыңдады. Шаруалармен сұхбат барысында аудан басшысы бұл технологияның тиімділігіне, болашақта суды үнемдеу арқылы өнім көлемін арттыруға болатынына тоқталды.
Бүгінде Жетісай ауданында 5041 гектар жерге тамшылатып суғару әдісі енгізілген. Жыл соңына дейін бұл көрсеткішті 8000 гектарға жеткізу көзделіп отыр. Бұл – облыс көлеміндегі ең жоғары көрсеткіштердің бірі. Аталған көрсеткіштер «Су ресурстарын басқару жүйесін дамытудың 2024–2030 жылдарға арналған тұжырымдамасы» аясындағы стратегиялық мақсаттармен үндес. Жалпы, еліміз бойынша 1,4 млн гектарға ылғал үнемдеу технологияларын енгізу жоспарланса, оның ішінде Түркістан облысына 216,3 мың гектар немесе 16% үлес тиесілі. Бұл міндетті орындауда Жетісай ауданы алдыңғы қатардан көрінуде.
Суды үнемдеудің тағы бір тиімді жолы – жылыжай шаруашылығын дамыту. Өткен жылы ауданда 23 гектар жерде жылыжай кешендері орналастырылса, биылғы жылы тағы 5 гектарға жаңа жылыжай салынуда. Жылыжайлар – суды аз жұмсап, сапалы әрі мол өнім алуға мүмкіндік беретін тиімді нысандар. Сонымен қатар, бұл бағыт жаңа жұмыс орындарын ашуға, жергілікті өнім көлемін арттыруға септігін тигізіп отыр.
Аудандағы су үнемдеу тәжірибесі тек тамшылатып суғару және жылыжаймен шектелмейді. Шаруалар агротехникалық шараларды дұрыс қолдану, зиянкестермен күрес, жерді тыңайту мен өңдеудің тиімді әдістерін енгізу арқылы жылына екі, тіпті үш рет өнім алып отыр. Қазіргі таңда 1158 гектар алқаптан жылына 2-3 рет өнім алу тәжірибесі қалыптасқан. Бұл – ауыл шаруашылығындағы еңбек өнімділігінің жоғары екенін көрсетеді.
Жетісай ауданының әкімдігі тарапынан ауыл шаруашылығы саласын қолдауға бағытталған нақты шаралар жүйелі түрде жалғасуда. Мемлекеттік қолдау тетіктері, аграршыларға көрсетілетін кеңес беру қызметтері, инфрақұрылымдық жобалар осы саланың одан әрі дамуына серпін беруде.
Су – тіршіліктің көзі ғана емес, ауыл шаруашылығының негізгі ресурсы. Жетісайда жүзеге асып жатқан жобалар – болашақта еліміздегі өзге өңірлерге үлгі боларлық тәжірибе. Су үнемдеу технологияларын кеңінен қолдану арқылы Жетісай алдағы уақытта да ауыл шаруашылығының қозғаушы күші болып қала бермек.
Пікір қалдыру