
Жаз мезгілінің басталуымен бірге Түркістан қаласы мен облысы аумағында балалардың сауықтыру және демалыс шараларын тиімді ұйымдастыру жұмыстары қызу жүргізілуде. Облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің тікелей тапсырмасымен жазғы лагерьлердің қауіпсіздігі мен жұмыс сапасына ерекше назар аударылып отыр. Бұл – балалардың өмірі мен денсаулығын қорғау мақсатындағы кешенді жұмыстардың бір бөлігі.
Биыл Түркістан облысында алғаш рет жаңа үлгідегі модульдік лагерь жобасы іске қосылды. Бұл жоба аясында 5 мемлекеттік лагерьге 52 модульді жатақхана орнату жоспарланған. Соның нәтижесінде қосымша 7500-ден астам балаға арналған орын ашу көзделуде. Бұл – өңірдегі балалардың жазғы демалысын тиімді әрі қауіпсіз өткізуге арналған маңызды қадам.
Модульдік лагерьдің алғашқы үлгісі Түркістан қаласында орналасқан «Балауса» жазғы сауықтыру лагерінде іске қосылды. Қала әкімдігі мен білім бөліміне қарасты бұл кешен толықтай күрделі жөндеуден өтіп, жаңартылған инфрақұрылыммен жабдықталды. Атап айтқанда, лагерь аумағында 10 заманауи модульді жатақхана пайдалануға берілді. Әр жатақханада 20 балаға арналған жайлы жатын орын, жаңа жиһаздар, жеке шкафтар және қажетті тұрмыстық жабдықтар қарастырылған. Ішкі интерьері де балалардың жайлылығы үшін заманауи үлгіде безендірілген.
Лагерьдің алғашқы маусымында 350 бала қабылданды. Олардың ішінде 250-і – Түркістан қаласының, ал 100-і – Сауран ауданының оқушылары. Сонымен қатар, балалардың бір бөлігі жаңартылған ескі корпуста демалуда. Жалпы алғанда, «Балауса» сауықтыру кешені жазғы кезеңде 7 ауысыммен 2000-нан астам баланы қабылдауды жоспарлап отыр.
Балалардың күн тәртібі нақты ұйымдастырылған. Таңғы жаттығумен басталатын күн спорттық және эстафеталық жарыстармен, интеллектуалдық сайыстармен, мәдени-танымдық бағдарламалармен жалғасады. Сонымен қатар, лагерь аумағында арнайы жабдықталған бассейнде дене шынықтыру жаттығулары ұйымдастырылған. Балалар күніне 5 мезгіл теңгерімді әрі пайдалы тағамдармен қамтамасыз етілуде. Бұл олардың денсаулығы мен сергектігін сақтау үшін маңызды.
Айта кету керек, 2025 жылдың жазғы маусымында Түркістан облысындағы қала сыртындағы сауықтыру орындарында 43 мыңнан астам оқушы демалады деп жоспарланған. Балаларға 10 мемлекеттік және 24 жекеменшік лагерь қызмет көрсететін болады. Бұдан бөлек, мектеп жанынан ашылатын маусымдық лагерьлерде және түрлі экскурсиялар мен танымдық іс-шараларға 300 мыңнан астам оқушы қатысады.
Балалардың демалысын сапалы ұйымдастыру – тек көңілді уақыт өткізу ғана емес, бұл – олардың тұлғалық дамуына, достық қарым-қатынас орнатуына және жаңа дағдыларды меңгеруіне мүмкіндік беретін маңызды кезең. Түркістан қаласы мен облысында бұл бағыттағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасып келеді.
Пікір қалдыру