ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ МЕН ӨЗБЕКСТАН АРАСЫНДАҒЫ ӘРІПТЕСТІК – ӨҢІР ЭКОНОМИКАСЫН ДАМЫТУҒА ЖАҢА МҮМКІНДІК

Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров Өзбекстаннан келген «U-UMAX Group» компаниясының өкілдерімен кездесу өткізіп, инвестициялық ынтымақтастықты кеңейту жолдарын талқылады. Кездесудің басты мақсаты – Түркістан облысы мен Өзбекстан арасындағы экономикалық әріптестікті нығайту, өзара тиімді жобаларды жүзеге асыру арқылы өңірдің инвестициялық әлеуетін арттыру.

Өңір басшысы кездесуде Түркістан облысында шетелдік капитал үшін қолайлы инвестициялық климат қалыптасқанын атап өтті. Бүгінде аймақта кәсіпкерлік, ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп, туризм салалары басым бағыт ретінде айқындалған. Облыс аумағында 19 индустриялық аймақ, шағын өндірістік парктер мен арнайы экономикалық аймақтың 5 өндірістік субзонасы жұмыс істейді. Бұл инфрақұрылымдар заманауи инженерлік желілермен қамтамасыз етілген және шетелдік, отандық инвесторларға тиімді жағдай ұсынады.

Инвесторлар құрылыс, жол және теміржол инфрақұрылымы сынды ірі бағыттарда жобалар ұсынуға мүдделі екендерін білдірді. Тараптар логистика, көлік байланысы және өнеркәсіптік кооперация бойынша нақты келіссөздер жүргізіп, әріптестіктің тетіктерін пысықтады.

Аймақта бүгінде жалпы құны 195,4 млрд теңгені құрайтын 57 инвестициялық жоба бойынша құрылыс жұмыстары жүріп жатыр. Бұл жобалар іске қосылған жағдайда, облыстың өндірістік әлеуеті айтарлықтай артып, жаңа жұмыс орындары құрылмақ. Бұдан бөлек, қазіргі таңда 52 кәсіпорын индустриялық аймақтарда тұрақты жұмыс істеп тұр. Бұл – облыстың экономикалық құрылымын нығайтып, ішкі жалпы өңірлік өнім көлемінің өсуіне тікелей ықпал ететін фактор.

Өзбекстан Түркістан облысы үшін тек шекаралас ел емес, стратегиялық әріптес. Көрші мемлекеттермен орнаған тығыз экономикалық байланыстар – Орталық Азияның тұрақты дамуы мен интеграциясы жолындағы маңызды қадам. Бұл кездесу соның айқын дәлелі.

Жалпы, Түркістан облысының инвестициялық белсенділігі жылдан-жылға артып келеді. Шетелдік инвесторлар үшін қолайлы жағдайлар жасау, инфрақұрылымдық қолдау, салықтық жеңілдіктер мен басқарушылық ашықтық өңір экономикасының тартымдылығын күшейтіп отыр. Мұндай келіссөздер мен жобалар Түркістанның өңірлік орталық ретіндегі рөлін арттыра түседі.

Бірінші болып пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру

Сіздің эл.почтаңыз сайтқа ашық жарияланатын болмайды.


*