ЗАҢ МЕН ТӘРТІП – ОРТАҚ ИГІЛІК: «EKIN PATROL» МОБИЛЬДІ КЕШЕНІ ТҮРКІСТАН ЖОЛДАРЫНДАҒЫ ҚАУІПСІЗДІКТІ КҮШЕЙТУДЕ

2025 жылдың ақпан айынан бастап Түркістан облысында құқық бұзушылықтың алдын алу, жол қозғалысы ережелерін сақтау және қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында заманауи «Ekin Patrol» жылжымалы автокешендері іске қосылды. Бұл – Түркістан облысы полиция департаментінің бастамасымен жүзеге асырылып жатқан маңызды қадамдардың бірі.

«Ekin Patrol» – тәулік бойы 360 градустық радиуста көліктер мен жолаушылардың қозғалысын қадағалай алатын интеллектуалды бейнебақылау жүйесі. Аталған құрылғылар полицияның патрульдік көліктеріне орнатылған. Жүйе автоматты түрде жол қозғалысы ережелерін бұзған жағдайларды тіркеп, нақты деректерді полиция серверіне жолдайды. Бұдан бөлек, жүргізушіге ереже бұзғаны туралы SMS-хабарлама арқылы айыппұл туралы ақпарат жеткізіледі. Жылдамдықты арттырған немесе басқа да құқық бұзушылықтарға жол берген жүргізушілер бірден анықталады – бұл тәртіп бұзудың алдын алуға мүмкіндік береді.

Мобильді кешеннің ерекшелігі – көлік үстінде орналасқан 5 түрлі қауіпсіздік камерасы. Оның ішінде 2 камера бейнетүсірілім, 2 камера фототүсірілім жүргізсе, тағы 1 камера полиция көлігінің ішінде орнатылған. Бұл камералар қызметтік көліктегі тәртіп сақшыларының іс-әрекетін толық бақылауға мүмкіндік береді. Мұндай жүйе полиция қызметінің ашықтығы мен әділеттілігіне кепіл бола алады.

Ақпан айынан бастап іске қосылған «Ekin Patrol» жүйесі арқылы қазіргі таңда 16 мыңнан астам құқық бұзушылық тіркелген. Бұл көрсеткіш жаңа технологияның тиімділігін дәлелдеп отыр. Жүйе – тек бақылау құралы ғана емес, сонымен қатар жолдағы қауіпсіздік деңгейін арттыруға, азаматтардың жауапкершілігін көтеруге бағытталған.

Бүгінгі қоғамда заңға бағыну – әр азаматтың басты міндеті. Қоғамдағы тыныштық пен тұрақтылық – заң үстемдігінен басталады. Әр жүргізушінің, әр жаяу жүргіншінің тәртіпке мойынсұнуы – тек өзінің емес, айналасындағы адамдардың да өміріне деген құрметтің белгісі.

Мемлекет тарапынан енгізіліп жатқан осындай технологиялар қоғам мүддесіне, азаматтардың қауіпсіздігіне қызмет етеді. Сондықтан әрбір адам құқықтық сауаттылықты арттырып, заңды сыйлау мен тәртіпке бағынуды өзінің күнделікті дағдысына айналдыруы қажет.

Біз бәріміз бір қоғамда өмір сүріп жатырмыз. Бұл қоғамда тәртіп пен әділдік орнауы үшін әр азамат өз үлесін қосуы керек. Заң – ортақ, тәртіп – бәрімізге керек. «Ekin Patrol» сынды жүйелердің тиімділігі де азаматтардың заңға құрметі мен тәртіпке бағынуына тікелей байланысты.

Бірінші болып пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру

Сіздің эл.почтаңыз сайтқа ашық жарияланатын болмайды.


*